389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ-түрікмен байланысы – тамыры терең тарқамас татулық

  • 108
  • UPD: 09:58, 11.10.2019

Қазақстан мен Түрікменстанның өзара байланысы бірте дамып келеді. Жыл басынан бері екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 90 млн долларға жеткен. Біздің елден көбіне астық өнімдері тасымалданады, ал көрші мемлекет жеміс-жидек пен тоқыма бұйымдарын экспорттауда.  Мамандар алдағы уақытта бұл байланыстың беки түсетініне бек сенеді.

Түрікменстан - түбі бір түркі елінің бірі. Қазақстанға іргелес жатқан мемлекет. Көрші елдердің байланыс орнатқанына 30 жылға жуықтады. Осы аралықта сауда-саттық дамыды, өнеркәсіп өріс алды. 

Сейітнұр Жапаров, Түрікменстан қаржы және экономика министрлігінің бас маманы: 

- Біздің елде қазақстандық 12 компания жұмыс істеп жатыр. Оның 4-еуі шаруашылық бағыттағы ұйымдар. Екі мемлекет осы 30 жылға жуық уақытта 100-ден аса келісімге келген.  

Қазақстанда егіс алқаптары көп. Егін бітік шығады. Астық өнімдерінің біраз бөлігін осы Түркіменстанға тасымалдап жатырмыз. Ал көрші елден жеміс-жидек пен тоқыма бұйымдарын аламыз. Бірақ екі елдің алыс-берісі мұнымен шектелмейді. Тараптар мұнай-газ саласын бірлесіп дамытып жатыр.

Мұрат Сапаров, Түрікменстан Республикасы қаржы және экономика министрлігінің өкілі: 

- Қазақстан, Түрікменстан және Иран елдерін байланыстыратын темір жол желісі бар. Сол арқылы біраз тауар тасымалданып жатыр. Одан бөлек біздің ел 2009 жылы Қазақстан аумағы арқылы Қытайға газ құбырын жүргізген. Соның арқасында алып нарыққа көгілдір отын тасымалдауға мол мүмкіндік алдық.  

Екі мемлекет көптеген халықаралық ұйымдарға мүше. Лаңкестерге қарсы күресте де күш біріктірген. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қалайды. Сондықтан көп жерде бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.  

Дастан Сейілханұлы, тілші: 

- Түбі бір екі елдің ұстанымдарында да ұқсастық бар. Қазақстан сынды түркімен мемлекеті әлемде ядролық қарудың қолданылуына түбегейлі қарсы. Қарт Каспийдің қазіргі күйі, суы түбіне дейін тартылған Аралдың осы күні жағдайы оларды да алаңдатып отыр. Сондықтан осы мәселелердің шешімін бірлесіп табуға бекінген. Бұл байланыстың енді беки түсетіні анық. 

Байланыс қазір де бекем. Жыл басынан бері екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 90 млн долларға жетті. Мамандар тараптардың агроөнеркәсіптік кешенді бірлесіп дамытуына мүмкіндігі бар дейді. Бұл істе Қазақстан мол тәжірибе ие.

Мұхамедкелді Атаев, экономист: 

- Меніңше агроөнеркәсіптік саланы бірлесіп дамытуға болады. Біздің елде бақша өнімдерімен және мал шаруашылығымен айналысатын адамдар көп. Ал Қазақстан астық өнімдері жөнінен алдыңғы қатарда. Түрікменстанның климаты егін егуге біраз қолайсыз. Бірақ ебін тауып, тәжірибе алмассақ, бұл саланы да өрістетуге болады.  

Мәдени тұрғыдан да байланыс бар. Екі елдің әдет-ғұрпында ұқсастық көп. Түрікменстанның көптеген түлегі біздің елде білім алып, шеберліктерін шыңдап жатыр. Сондықтан тамыры тереңге кеткен бұл татулықтың тарқамасы анық.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов, Антон Балтрушеевич

Хабар 24 телеарнасы