388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы Сооронбай Жээнбековпен кездесті

  • 160
  • UPD: 21:47, 14.10.2019

Ертең Әзербайжанда Түркі кеңесінің саммиті өтеді.

Бүгін Елбасы ұшағы Бакуге келіп қонды. Жетінші рет өтетін саммит ұйымның он жылдығымен тұспа-тұс келді. 2009 жылы Нахчыванда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі кеңесінің негізі қаланды. «Нахчыван келісімі» өзара ықпалдастықты дамытып, бауырластық байланыстарды нығайтты. Қазір түбі бір түркі жұрты түрлі салада ынтымақтастық орнатқан. Сол ынтымақтастықты ырысты етуге қосқан үлесі үшін Елбасы «Түркі кеңесінің құрметті төрағасы» атанды. Бұл мәртебе ертең салтанатты жағдайда тапсырылады деп жоспарланып отыр. Баку саммитінің тағы бір жаңалығы – Өзбекстанның кеңестің толыққанды мүшесі атануы. Бұл шешім аясы кеңейіп, байланысы беки түскен Түркі кеңесінің қызметіне серпін береді, деп санайды сарапшылар. Айта кетейік, ертеңгі алқалы басқосу «Мүше мемлектетердің шағын және орта кәсіпорындарын қолдау» тақырыбында өтпек. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтан бөлек, экономикалық қарым-қатынасты күшейтуге ден қойған Түркі кеңесінің жетінші саммитінде бірқатар маңызды шешім қабылданбақ. Әуежайдан түскен бетте Елбасы Қырғыз республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Кездесуде Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевты «Түркі кеңесінің құрметті төрағасы» мәртебесімен құттықтады. Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі кеңесінің маңызына тоқталып, бұған дейін өткен барлық жиындарға қатысқанын атап өтті.

Хабар 24 телеарнасы