388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жапонияның жаңа императорын ұлықтау рәсіміне Н.Назарбаев қатысады

  • 184
  • UPD: 16:22, 23.10.2019

Бүгін Жапония өзінің жаңа императорын ұлықтайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Отыз жыл бойы тақта отырған император Акихитоның ұлы Нарухито тізгінді өз қолына алмақ. Салтанатты рәсімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады деп жоспарланып отыр.

Дархан Әбдуахит, тілші:

– Бүгінгі таққа отыру рәсімі – жапон халқы үшін шын мәнінде маңызды оқиға. Себебі император тек елдіктің нышаны ғана емес, император – тіл мен ділдің сақшысы, император – өткеннің өнегесі, келешектің бағдары. Жалпы императорлық жүйенің 2700 жылдық тарихы бар дейтін болсақ, сол 2700 жылдың ішінде 58 император көзі тірісінде тақтан түскен екен. Ал Акихитоның тізгінді өз еркімен тапсыру енді сол оқиғалардың тізбегін толықтыратын болады. Дәл осындай жағдай екі ғасыр бұрын болған.

Бүгінгі рәсім жайында айтатын болсақ, ұлықтауға әлемнің 170-тен астам елінен делагация келді. Олардың ішінде көптеген мемлекет басшылары бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейінгі император Акихитоны жақсы таниды. Жапонияға жасаған сапарлары кезінде бірнеше мәрте кездескен. Екі ел әріптестігінің негізі – Елбасы мен Акихитоның тұсында қаланды. Қазіргі таңда Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынас мығым. Былтыр өзара тауар айналымы 2 млрд долларға жеткен. Рекордтық меже. Осыдан-ақ өзара ынтымақтың әлеуетін аңғаруға болады. Сапар барысында Елбасы бірқатар кездесу өткізеді деп жоспарланып отыр. Бұл жайында хабарлаймыз.

Тағы бір айта кететін жайт, бүгінгі рәсім тек Император сарайында өтеді. Бұған дейін қаланың негізгі көшелерінің бірінде дәстүрге сай шеру болады, мыңдаған адам жиналады деп жоспарланған еді. Алайда жақында болған жойқын тайфун бүкіл жоспарды өзгертті. Адамдар өліп, бірнешеуі жарақат алған уақытта салтанатты рәсім өткізіп, тойлату әбестік деп санап, парадты кейінге қалдырды. 

Кеше император сарайындағы соңғы дайындық барысы пысықталды. Жоспарға сәйкес таққа отыру рәсімі жергілікті уақыт бойынша сағат түскі бірде басталады. Дәстүрге сай жөн-жоралғылар жасалып болған соң, Нарухито жиналған қауымның алдында сөз сөйлейтін болады.

Хабар 24 телеарнасы