418,72 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


25 қазан күні Ақордада Қазақстан-Беларусь келіссөздері өтеді

  • 625
  • UPD: 12:09, 25.10.2019

Беларусь Республикасының Президенті Қазақстанға ресми сапармен келді. Александр Лукашенконың осыған дейін елімізде өткен түрлі саммиттерге қатысқаны белгілі. Бірақ сапарлап, ресми келмегелі алты жыл өтіпті. 

Мәртебелі мейманға бүгін барынша сый-құрмет көрсетілді. Президенттік кортежге қымбат көліктер таңдалған, қонақтың жүріс-тұрысына жауаптылар сайланған. Әдетте кадр сыртында қалатын мұндай жайттар біздің тілшілердің назарынан шет қалған жоқ. 

Әдеттегі мейрамхана дерсің. Бірі кофе ішіп, енді бірі құр тынығып отыр. Сырт көзге солай көрінер. Әйтпесе шаршаңқы бәрі. Түнімен көз ілмеген. 

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Енді біз қонақтарға қашан да дайынбыз. Түнде көз іліп алуға мүмкіндік болды ма? Біздің жұмысымыз белгілі ғой. Бұл бір адамның жұмысы емес, бүкіл ұжым болып жұмыс жасайды.

Бұл кездесуді біздің тарап ұзақ күтті. Мәртебелі мейман мінген ұшақ әне-міне қонады. Құтты қонаққа осы гүл шоқтары ұсынылмақ. 

- Тяжелое? Да, тяжелое. Но оно того стоит. 

Иә, Президентке қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Бірақ қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек. Күзет қызметі төңіректі осылай тікұшақпен тінтіп жүр. 

Маңайға бөтен жандарды жуытпайды. Иісшіл иттер де жұмылдырылған. Аумаққа бет алған әрбір көлікті осылай тексереді. 

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Беларусь басшысының ұшағы санаулы сәттен кейін елорда әуежайына келіп қонады. Қазір мұнда қызу дайындық жүріп жатыр. Екі елдің мемлекеттік тулары ілінген. Ал құрметті қарауыл арнайы киімдерін киіп, сап түзеуге дайын тұр.

Сарбаздар сақадай сай тұр. Сонда да әр қимылды пысықтап алу керек. Президенттік ұшақ қонатын аумаққа кез келген адамды кіргізе бермейді. Бізге бұйырған екен.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Мәртебелі меймандар әдетте қызыл кілеммен жүріп өтеді. Бірақ елордада жел ұйытқып тұр. Сондықтан жерге кілем жаю қисынға келмейді. Бірақ оның оңтайлы шешімін тапқан. Кәдуілгі кілемнің орнына жерге жабыстырылған осындай қызыл жолақ төселген екен. 

Президенттік кортежді осы мотоциклдер қоршап жүреді. Тоғыз тізгіншіні көрдік. Көліктеріне шаң жуытпайды. Бірақ соларды сөзге тарту мүмкін болмады. 

- Мотоцикл қанша рядпен жүреді?

- Қазір білмейміз әлі.

- Жоқ енді, әдетте жүріп жүрсіздер ғой сіздер?

- Айтады ғой қазір. 

Ақыры айтпады. Кейін білдік. Мотоциклдер президент мінген осы көліктерді қоршай жүреді екен. 

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Қара түсті мерседес. Дәл осы көлікпен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенокны алып жүреді. Бүгін бізге Президенттік кортежді жақыннан түсіруге мүмкіндік берілді. Ал қалған көліктерге өзге делегат мүшелері жайғасатын болады. 

Дәл осы көліктермен Александр Лукашенко «Отан қорғаушылар»  монументіне келді. Құтты қонақтарды құрметті қарауыл сап түзеп қарсы алды.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Беларусь басшысы дәл қазір «Отан қорғаушылар» монументіне көтеріліп бара жатыр. Сұрапыл соғыста белуардан қан кешіп, Отан үшін жан алысып, жан беріскен сарбаздардың рухына осылайша тағзым етуде.  

Монументке гүл қою рәсімі бір минуттық үнсіздікке ұласты. Кейін, екі елдің мемлекеттік гимні қатар орындалды. 

«Отан қорғаушылар» монументі осыдан 8 жыл бұрын тұрғызылған. Алып тұғырдың қос қапталында қазақ тарихында болған қанды шайқастар бейнеленген.

- С левой стороны это наши предки. У нас сложные были 17-18 века. Жонгары. 

Монументке гүл шоқтарын қоюға Беларусь Президенті ұйытқы болды. Ұлы Отан соғысы кезінде біраз белорус жауынгерлері де шейіт болған еді. 

Бақтияр Мәкен, қала әкімнің орынбасары:

- Ұлы Отан соғысының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл кісінің осындай бастамасы, Отан қорғаушыларға көрсетіп жатқан ілтипаттық ниетінің өзі өте дұрыс деп ойлаймын. 

Екі елдің ортақ тарихы бар. Ортақ нарығы бар. Бірлесіп жасап жатқан шаруасы да көп. Александр Лукашенко Қазақстанға ресми сапармен соңғы рет алты жыл бұрын келген. Сондықтан тараптардың талқылайтын мәселесі көп. Келіссөздер ертең Ақордада өтеді. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы