388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Беларусь IT саласындағы қарым-қатынасын нығайтпақ

  • 150
  • UPD: 20:53, 25.10.2019

Бірлескен венчурлық қор құру, комбайн және трактор зауыттарының қарқынын күшейту, мұнай тасымалына жол ашу.

Қазақстан мен Беларусь президенттерінің бүгін Ақордада өткен кездесуінде осындай келісімдер жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко өзара тауар айналымды 1 миллиард АҚШ долларына жеткізуге уағдаласты. Мемлекет басшысы әріптесімен экономикалық және гуманитарлық әріптестікті тереңдетіп, білім, ғылым, мәдениет салаларына қатысты тың бастамалар көтерді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

Стратегиялық, достық және бауырластық. Қазақстан мен Беларусь қарым-қатынасы енді осы үш бағыт бойынша өрбиді. Екі ел президенттері осындай келісім жасасты. Қазақстан мен Беларусь тек ауыл шаруашылығы техникаларын бірлесіп құрастырып қана қоймайды, IT, көші-қон және мұнай саласында әріптестікті арттырады. Алдағы жылдары қазақ мұнайы Беларусь нарығында пайда болуы мүмкін.

Беларусь президентін бас резиденцияда салтанатты қабылдау рәсімі сәске түс жақындаған сәтте басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды өзі қарсы алды. Құрмет қарауылы да ізет көрсетіп, президенттік оркестр екі елдің әнұранын шырқады.

Президенттер көп ұзамай шағын құрамдағы кездесу залына өтті. Ең алдымен күн тәртібін нақтылады. Көшбасшылардың әуелгі сөзінен экономикаға басымдық берілетіні байқалды.

Қасым-Жомар Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бұл сапарыңыз іскерлік байланысқа тың серпін беруге тамаша мүмкіндік. Экономика, гуманитария немесе халықаралық әріптестік болсын барлық бағыттарды талқылаймыз. Қазақстан халқы өзіңізге Беларусь Республикасының теңдессіз мемлекет қайраткері ретінде қарайды.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

-Біз Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің бел ортасында жүрміз. Қазақстан өзінің Тұңғыш Президенті арқылы көптеген маңызды бастамаларды көтерді. Сіз соны жалғастырып келесіз. Беларусь сіздерге сенімді серіктес болып қала бермек.

Бұдан әрі кездесу жабық есік жағдайында өрбіді. Ал делегация өкілдері кеңейтілген құрамдағы келіссөзге дайындалды. Бір парасы қол қойылатын құжаттар жайына тоқталды.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі

Екі Сыртқы істер министрінің 2020-2022 жылдарға арналған әріптестік жөніндегі құжатқа қол қоямыз. Екі мемлекеттің арасында азаматтар еркін жүру үшін тауарлар еркін жүруге сондай сұрақтар көзделуде.

Қазақстан мен Беларусьтің өзара сауда айналымы 900 млн АҚШ долларына жуық. Келер жылы 1 миллиардтан асып жығылуы мүмкін. Еліміздің сауда және интеграция министрлігі Шығыс Еуропа мемлекетіне жеткізілетін 60 түрлі тауардың тізімін жасады. Ал Беларусь тарапы қазақстандық экспортты қабылдауға әзір екенін мәлім етті.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Өкінішке қарай Еуразиялық экономикалық одақтың ішінде тауар айналымы минусқа кетіп жатыр. Мысалы, Беларусьтан техника, тағам алып келіп жатырмыз. Біз ұсынған 60 тауардың ішінен 44-ін нақтылап, нақты нарықтағы кәсіпорындардың тізімін дайындадық. Осы дайын тауарларды Беларуське жеткізу.

Беларуське тауар жеткізу, осылайша, жеңілдей түспек. Ал кездескен қиындықтар түбегейлі жойылуы тиіс. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаев зор сенім білдірді. «Жақын көршілер арасында да күрмеулі мәселе болады, бастысы шешімін таба білу керек», - деді президент.

Қасым-Жомар Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жабық есік жағдайында өткен шағын құрамдағы кездесуде проблемалы мәселелерді талқыладық. Ең жақын көршілердің арасында да түйткілдердің болатыны белгілі. Осы келіссөзде қабылданатын шешімдер көп ұзамай жүзеге асырыла бастайды деп ойлаймын.

Келіссөз барысында көшбасшылар өзара сауда-саттықтағы теңсіздікті жою жөнінде уағдаласты. Беларусь тарапы қазақстандық экспорттың биыл 45%ке өскенін алға тартып отыр. Демек, жыл басынан бергі қарқын жаман емес. Әзірге елімізден Беларуське тек 57 миллион доллардың тауары жеткізілді. Ал кері бағытта едәуір көп.

Қасым-Жомар Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі шамамен 800 млн доллар болды. Бірақ жеткілікті емес. Еуразиялық экономикалық одақтың мол мүмкіндіктерін пайдаланып, көрсеткіштерді арттыру керек.

Қазақстанда бірлескен 340 кәсіпорын барын ескерсек, әріптестікті ұдайы дамыту қажет. Бұл жолы ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын 8 құрылым жұмысына баса мән берілді.

Қасым-Жомар Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біз осы компаниялардың тиімді жұмыс істеуіне қатысты мәселелерді талқыладық. Ауыл шаруашылығы әскери-техникалық ынтымақтастық бойынша қосымша бірлескен 2-3 жобаны жүзеге асыру жөнінде келісімге қол жеткіздік.

Қазақстан Еуропа елдері үшін Шығысқа қақпа. Беларусь те осындай транзиттік әлеуетке ие. Бірлескен көлік-логистикалық компания жұмыс істейді. Соңғы 3 жылда Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы тауар тасымалы 6,5 есе ұлғайды. Ресми Нұр-Сұлтан мен Минск енді IT саладағы қарым-қатынасын нығайтпақ.

Қасым-Жомар Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Беларусьтік әріптестер үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызықты болуы мүмкін. Ол ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейді және ТМД мен Еуразия кеңістігінде конституциялық мәртебесі бар теңдессіз қаржы институты. Өз тәжірибелерімізді ескере отырып, бірлесіп көптеген шаруаны қолға аламыз деп келістік. Өңірлер арасындағы экономикалық байланысты дамытамыз. Аймақаралық форумдар ұйымдастыру жөнінде бастама көтеріп отырмыз.

Бірлесіп шығаратын комбайндар да артады. Сондай-ақ еліміздегі трактор зауыты қарқынын күшейтеді. Ал мұнай-газ секторында мол мүмкіндік ашылуы мүмкін. Егер Ресей арқылы қара алтын жеткізсек, сауда айналымы да ұлғаймақ.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

- Біз бірлесіп шығаратын комбайндар санын арттыруға келістік. Минск трактор зауытының Қазақстандағы стратегиялық даму келешегін де айқындадық. Біз қазақ елінің мұнайын сатып алуға мүдделіміз. Алдағы уақытта Ресей Федерациясының құбыры арқылы тасымалдау жөнінде ақылдасамыз. Менің ойымша, келісім жасаса аламыз.

Беларусь елінде бірлескен венчурлық қор да құрылады. Бұл да екі ел президенттері айқындаған межелі міндет.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

Қазақстан халқына бізге сенім артқандарыңыз өте орынды шешім болғанын айтқым келеді. Беларусь оны ақтайды. Біле жүріңіздер, Еуропаның аумағында да сіздерді қуана қарсы алатын ел бар.

Беларусь қазақстандық спутниктерді қолдануға мүмкіндік алады. Аэроғарыш саласында тиісті келісім бекіді. Еліміздің прокуратура, ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік комитеті тиісті құжаттарға қол қойды. Арадағы келісімдер мұнымен шектелмейді. Мемлекеттік органдар үкіметаралық байланыстарын дамытуы тиіс. Бастысы – президенттердің өзара келісімі бар. Ал халықаралық дипломатияда мемлекет басшылары деңгейіндегі сенім маңызды рөл атқарады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы