423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қос ел президенттерінің кездесуі өзара қарым-қатынастың одан әрі беки түсуіне серпін берді

  • 613
  • UPD: 21:45, 25.10.2019

Беларусь басшысының бұл сапары тарихи мәнге ие. Александр Лукашенко Қазақстан Президентімен Ақордада алғаш рет кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынды сәтті өтті деуге болады. Бірақ осындай елеулі оқиға кезінде елеусіз қалған жайттар да болды.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Келгенімізде көзге түскені осы гүл болды. Әдетте байқамаймыз. Бірақ Ақорданың әрбір бұрышында тұр. Гүл шоғырын әзірлеу үшін кемі жарты сағат уақыт кетеді.

Көздің жауын алатын гүлдер осы залға қойылады. Жаңадан жөндеуден өткен. Киіз үй іспеттес. Бірақ іші өзгеше мәнерде өрнектелген екен.

Мемлекет басшыларының шағын құрамдағы отырысы әдетте басқа залда өтетін. Бірақ бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко арасындағы келіссөздер жуырда ғана жөндеуден өткен осы «Шығыс» залында ұйымдастырылмақ. «Шығыс» залы болғаннан кейін шығыс стилінде безендірілген. Қазақы ою-өрнектерді де байқап тұрмыз. Екі мемлекет басшысы осы төрге отырады, ал делегация мүшелері қос қапталына жайғасады. Әрбір делегация мүшелерінің алдына мынадай блокнот пен қарандаш қойылған.

Блокнот пен қарандаш бұл кездесуде керек-ақ. Өйткені маңызды мәселелер көп айтылады. Олардың әрбірін түртіп алу керек. Кездесуді кіршіксіз өткізу маңызды. Біздегі дайындыққа қонақтар бес деген баға берді.

Бұл кездесуде келелі келісім болады. Мұны министрлердің жадыраңқы жүздерінен анық аңғардық. Беларусьтен келгендердің де көңілі көтеріңкі. Төс қағыстырып, қауқылдасып жатты. Енді бірі қолдағы қағазына қараумен болды. Тіпті көз алмады. Тоқыса керек.

Ресми делегация мүшелері маңызды деген құжаттарға дәл осы жерде қол қояды. Жеті бірдей келісім жасалады деп жоспарланып отыр. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко келіссөз нәтижесін жариялайды.

Мәртебелі меймандарға ең дәмді деген тағамдар ұсынылады. Алматының сирек апорттары да осында. Ал, ас әзірленіп жатқан бөлмеге тілшілерді кіргізбеді. Есесіне, түстенетін орынды таспаға түсіріп алдық.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін мемлекет басшылары және ресми делегация өкілдері осы орында түстенеді. Әзірге қонақтарға қандай ас мәзірі ұсынылатыны белгісіз. Мұндағылар «құпия» дейді.

Көпке айтыла бермейтін құпия көп. Бірақ соның шет жағасын білуге тырыстық. Беларусь елінен келген меймандарға осыған дейін ұлттық тағамдар ұсынылған екен. «Дәмі тіл үйіреді», дейді.

Сонымен, қажет құжаттарға қол қойылды. Тараптар сан салада бірлесіп еңбек ететін болып келісті. Тарихи кездесуді түсірілім тобы таспалап алды. Енді архивте сақталады. Оның өзі тарих емес пе?!

Александр Лукашенко Қазақстан Президентін өз елдеріне келуге шақырды. Осыдан-ақ тараптар арасындағы байланыстың дами беретінін аңғаруға болады. Екі ел бұрыннан тату. Ал, бүгінгі кездесу өзара қарым-қатынастың одан әрі беки түсуіне серпін берді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы