384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

  • 272
  • UPD: 23:33, 04.11.2019
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті elbasy.kz

Сапар барысында Елбасы қаланың рухани-мәдени орталығында өткен концертке қатысып, Түркістан облысының тұрғындарымен жүздесті.

Сөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталды.

- Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан - түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін, - деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүкіл қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті.

- Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатыр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы облыс орталығының құрылысы мен жандануына ат салысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді.

- Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар, қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді, - деп түйіндеді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Концерт соңында Нұрсұлтан Назарбаев қолөнершілердің көрмесін аралап көрді. Онда әлемнің 20 елінен келген шеберлердің жұмыстары ұсынылған.

Ақпарат көзі: elbasy.kz

Хабар 24 телеарнасы