387,38 428,91 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҰҰ өкілдері «Жусан» операциясын жоғары бағалап отыр

  • 145
  • UPD: 22:34, 06.11.2019

Рас, біздің ел соғыс оты тұтанған аймақтардан өз азаматтарын қайтарып, оларды дұрыс жолға салуға барынша күш салып жатыр.

Қазір бұл тәжірибеміз өзге елдерге үлгі. Анау-мынау емес, БҰҰ-ның өкілдері «Жусан» операциясын жоғары бағалап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аида Саринаның отбасы арам пиғылдылардың арбауына түсіп, Сирияға кеткен. Бір жылдан кейін әуе шабуылынан отағасы қаза тапты. Ал Аида кішкентай ұлымен босқындар лагерін паналаған. Биыл жазда Қазақстанға жеткізілді. Қазір өзі секілді қилы тағдыр кешкен адамдарға көмектеседі. БҰҰ мінбесінен сөз алған Аида әлем әйелдерін өз қатесін қайталамауға, ал өзге мемлекеттерді Қазақстаннан үлгі алуға шақырды.

Аида Сарина, репатриант:

Алғысымды білдіруге сөзім жетпей тұр. Ел арасында бізді қара киім киген тұйық адамдар деген пікір қалыптасқан. Мен осында бір мақсатпен келдім, біз де адамбыз, сондықтан қатарға қайта қосуға болатынын айтқым келеді. Бізге жалған идеологиядан арылып, дұрыс жолға тұруға дінтанушылар көмектесті. Сол себептен дінтану мамандығы бойынша оқуға түстім, болашақта осы жұмыспен айналысуды көздеп отырмын.

Әлім Шәуметов, «Ақ-Ниет» реабилитация орталығының директоры:

Бұл операция аясында 595 азаматымызды қайтардық. Арасында 156 әйел, 406 бала мен 33 ер адам бар. 10 ер адамға қарсы сот аяқталып, жаза шығарылған. Тағы 14-іне қарсы сот процесі өтіп жатыр.

БҰҰ кеңсесінің «Қазақстан» залына жиналғандар «Жусан» операциясын бірауыздан қолдады. Олар жүздеген ананың Аида Сарина секілді тағдыр жазуын бастан кешкенін түсініп, еліміз бүкіл әлемге адамгершілік пен мейірімділіктің үлгісін көрсеткенін мойындады.

Николас Флери, халықаралық Қызыл Крест ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша үйлестірушісі:

Қазақстан өте қиын жағдайға түскен азаматтарын Таяу Шығыстан қайтарды. Елдері оларға болашаққа мүмкіндік беріп отыр, осы тұрғыдан көптеген мемлекеттерге үлгі көрсетті. Бұл тәжірибемен бөлісу қажет. Еуропалық елдердің көбісі Сириядан өз азаматтарын түбегейлі қайтарғысы келмейді. Бұл оларды ұмытып, қиындықта қалдырғанын білдіреді. Ересек адамдарды ойламасын дейік, ал балалардың не кінәсі бар?

Қазақстандықтар Отанына оралғаннан кейін оларға заңгерлік және әлеуметтік қолдау көрсетілді. Жетім қалған балалардың аты-жөнін анықтау үшін генетикалық сараптама жүргізілді.

Дулат Жекебаев, ҚР БҒМ балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл балалар ешқашан да мектепте оқымаған, кітап ұстамаған, яғни балалардың білім деңгейін анықтау арқылы балалардың бәрін мектепке орналастырдық. Балабақша жасындағы балаларды балабақшаға орналастыру сияқты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осындай іс-шаралар ұйымдастырдық.

Қазақстан өз азаматтарын елге қайтару ісін жалғастырып жатыр. Тақауда Ирактан тағы бір топ бала Отанына оралуы тиіс.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы