384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамотасын қабылдады

  • 191
  • UPD: 22:27, 11.11.2019

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар елдің төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдымен Нидерланды мемлекетінің елшісі Қазақстан Президентімен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты ойларымен бөлісті. Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтап, игі миссияларына табыс тіледі. Салтанатты шара барысында Президент шетелдік дипломаттармен шағын сұхбат құрды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд елшісіне аталған мемлекет Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Антал Хейзермен кездесу барысында Қазақстанның Мажарстанды Орталық Еуропадағы және Еуропалық одақ аясындағы негізгі әрі маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Президент Мажарстан Үкіметінің Будапештте Түркі Кеңесінің офисін ашу жөніндегі шешімін құптап, оған тарихи әділеттіліктің орнауы деп баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Адам Георгиос Адамидиспен әңгімелесу кезінде Қазақстанның Грекиямен арадағы ынтымақтастықты дамытуға зор мән беретінін айтты.

Андрей Карстенс, Нидерланд корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі:

– Біздің елге жақында ғана Қазақстанның премьер-министрі келген. Асқар Маминнің сол сапары екі ел арасындағы байланыстың мығым екеніні көрсетеді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге мол мүмкіндігі бар. Сондықтан Нидерланды осы саланы ілгерілету үшін инвестиция құюға әзір.

Антал Хейзер, Венгрия Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:

– Қазақстан – Венгрияның стратегиялық серіктестестерінің бірі. Біздің елдерді көп нәрсе байланыстырады. Әсіресе, мәдени байланыс мығым. Сондықтан алдағы уақытта осы ынтымақтастық одан әрі дами бермек.

Адам Георгиос Адамидис, Грек Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:

– Қазақстан мен Грекия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас осыдан 27 жыл бұрын орнаған. Осы аралықта берік байланыс орната білдік. Қазақстан – Еуразияның қақ ортасында орналасқан алып мемлекет. Бірақ теңізге шығатын мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз тауар тасымалы саласында Қазақстанға қол ұшын созуға дайынбыз.

Египет дипломатиялық миссиясының жетекшісін қабылдау сәтінде Мемлекет басшысы президент Абдель Фаттах ас-Сисидің 2016 жылғы Қазақстанға жасаған сапары табысты болғанын атап өтіп, оған ізгі тілегін жолдады. Мемлекет басшысы Катар елшісіне 2019 жылдың маусым айында Душанбеде өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммиті аясында Әмір Тамим бен Хамад Әл-Танимен табысты кездесу өткізгенін айтты. Сондай-ақ аталған елмен ынтымақтастықтың нығая беретініне сенім білдірді.

Манал Ехия әл Шиннауи, Мысыр Араб республикасының төтенше және өкілетті елшісі:

– Қазір Қазақстан мен Мысыр Араб мемлекеті арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде. Әсіресе, саяси салада ынтымақтастық бар. Біз енді басқа салалар бойынша әріптестік орнатқымыз келеді. Инвестиция тарту мәселесі де қарастырылып жатыр.

Абдуләзиз бен Сұлтан Джасем Маджид әл-Румейх, Катардың төтенше және өкілетті елшісі: 

– Катар Қазақстанмен арадағы байланысты дамытуға ниетті. Меніңше, біздің біраз салада бірлесіп еңбек етуімізге әлеуетіміз жетеді.

Хабар 24 телеарнасы