386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Astana Club саяси форумының V отырысы басталды

  • 211
  • UPD: 20:46, 11.11.2019

Елордада «Астана Клубы» саяси форумының бесінші отырысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл жиынға Еуразия кеңістігіне төніп тұрған қатерлер өзек болды. «Келер жылы құрлықтағы ахуалға АҚШ-тағы президент сайлауы, Корей түбегіндегі дағдарыс сияқты күрделі мәселелер әсер етуі мүмкін», – дейді сарапшылар.

Астана клубы саяси форумының кезекті отырысында сарапшылар Еуразия кеңістігіне қатер төндіруі мүмкін деген 10 мәселені атады. Оның ішіндегі ең бастысы – жаһандық экономиканың тұралауы көрінеді. 

Жұмабек Сарабеков ,әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

– 2020 жылы әлем мемлекеттерінің 75 пайызы экономикалық бәсеңдеумен бетпе-бет келетіні жоспарланып отыр. Екіншіден, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы жалғасса, бұл ғаламдық ЖІӨ өсуін одан әрі бәсеңдете түседі.

Мамандар атаған 10 қатердің 3-уі АҚШ-пен тікелей байланысты. Мәселен, келер жылы Америка халқы жаңа президентін сайлайды. Дональд Трамп саяси науқанның қамына қазірден кіріссе де, импичмент қаупі сейілер емес. Демек, бұл алып державаны алдағы бірнеше жылда не күтіп тұрғанын дөп басып айту қиын. Оған Қытаймен арадағы сауда соғысын қосыңыз. Текетірес екеуара сипатқа ие болғанымен, салқыны өзгелерге де тиетіні анық.

Миао Лу, Қытайды зерттеу және жаһандану орталығы президентінің орынбасары:

– Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы мәселе. Дегенмен бұл мәселе әлемдегі ахуалға да әсер етеді. Сондықтан бұл текетірестің жаһандық экономиканың құлдырауына әкелмеуін назарда ұстау керек. Әрі сауда тізбегіндегі мемлекеттер бірлесіп, жағдайды реттеуге тырысуы қажет.

Өзге мемлекеттердің де алаңдайтын жөні бар. Сауда соғысының салдарынан әлемдік экономикаға 700 миллиард доллар көлемінде шығын келуі ықтимал. Бұдан бөлек, мамандар лаңкестік ұйымдар белсенеді дегенді алға тартады. Осыны негізге ала отырып, Қырғыз Республикасының бұрынғы премьер-министрі аймақтық қауіпсіздікті күшейту керек дейді.

Жоомарт Оторбаев, Қырғыз Республикасының бұрынғы премьер-министрі:

– Біз терроризм экспорты мүмкін аймақта өмір сүріп отырмыз. Шекараны қымтау туралы көп айтамыз. Егер бұл істі бірлесіп атқарсақ, шығын азайып, тиімділік артар еді. Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркітілдес мемлекеттер сияқты одақтар бар. Дегенмен, бізде Орталық Азиялық сипатқа ие ұйым жоқ. Осы бастаманы қолға алу керек.

Екікүндік шараның қорытындысы бойынша ертең серіктестіктің жаңа үлгісіне арналған пленарлық отырысы өтеді. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті төрағалық етеді деп жоспарланып отыр.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев.

Хабар 24 телеарнасы