426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан-Түркия арасындағы серіктестік көкжиегі кеңейе түспек

  • 1206
  • UPD: 22:36, 11.11.2019

Қазақстан мен Түркияның стратегиялық әріптестігі одан әрі нығая түспек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Үкімет басшысы Асқар Маминнің Түрік еліне екі күндік жұмыс сапары аяқталды. Қазақстандық делегация құрамында бірқатар министрлер, өңір басшылары, квазимемлекеттік компания және отандық бизнес өкілдері бар.

Сапар аясында еліміздің премьер- министрі Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссияның XI отырысы мен Қазақстан-Түркия бизнес- форумына қатысты.

Анкара төріндегі келелі кездесу- президенттің жаңа резиденциясында өтті. Келіссөздер барысында екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, ауылшаруашылық және басқа салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, халықаралық бірлескен жүк тасымалы туралы үкіметаралық келісім мен 2019-2021 жылдарға арналған «Жаңа Синергия» бағдарламасы бойынша іс-шаралар хаттамасына қол қойылды.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Анадолы жұрты мен Алаш ұрпағы бір атадан тараған түбі бір түркілерміз. Тіліміз бен дініміз ортақ. Сосын да стратегиялық серіктес, экономиканың бірқатар саларында әріптестігіміз бекем болған елміз. Сондай-ақ, бауырлас ел біз үшін Еуропаға шығатын есік. Ал біз Түркия үшін күн шығысқа бастайтын күре тамырмыз. Осы текті жоғарғы деңгейдегі кездесулердің тұрақтылығы стратегиялық әріптестікті нығайтуда жетекші рөл атқарады.

Ыстамбұлда премьер-министр Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссияның XI отырысы қатысып, түрлі салалардағы 65 тармақтан тұратын бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. Сондай-ақ, үш жылда бір өтетін Қазақстан-Түркия бизнес- форумын ашты.

Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының премьер-министрі:

– Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды дамып келеді. Бүгінде екі жақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге барлық жағдай жасалған. Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркияны еліміздің ең маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде бағалайды.

Айта кетерлігі, халықаралық шараға түріктің алдыңғы қатарлы 500-ден астам іскерлік топ өкілдері мен еліміздің 100-ден астам кәсіпкерлері қатысты. Форум аясында жалпы құны 1,5 млрд. долларды құрайтын 18 құжатқа қол қойылды. Бұдан бөлек, үкімет басшысы түріктің 41 ірі компаниясының жетекшілерімен екі жақты келіссөздер жүргізді. Асқар Мамин бизнес басшыларын Түркістанның түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы ретінде жандануына және дамуына үлес қосуға шақырды.

Хусейн Арслан, «Yda» компаниясының директоры:

– Форумға Түркияның ең ірі компанияларының жетекшілері қатысты.​ Қазақстан – инвесторлар үшін ыңғайлы ел. Аймақтың болашақ сауда-экономикалық көшбасшысы. Жиырма жылдан астам уақыттан бері елде бірқатар салаға инвестиция құйдым. Тағыда жоспарларым көп. Әрине бұл жағдайға үкіметіңіздің жасаған қолдауы себеп.

Түркия Республикасы Қазақстанның сауда серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен құрылған 4200-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жылдың аяғына дейін екіжақты сауда айналымын 3 млрд доллардан асыру көзделген. Аталмыш көрсеткіш былтырғы Елбасының мемлекеттік сапарында алдымен 5 млрд долларға, сосын 10 млрд долларға жеткізу межесіне сәйкес жүзеге асырылып отыр.

Гоненч Нихат Дирик, «Орхун медикал» компаниясының директоры:

– Алматы, Қарағанды, Ақтау мен Тараз қалаларына денсаулық саласында инвестиция салдық. Басқа шаһарларда да онкологиялық-диагностикалық орталықтарды салуды жоспарлап отырмыз.

Исмаил Жейлан, «Йылдырым холлдингі» директорлар кеңесі мүшесі:

– Қазақстанда тау-кен және химия өнеркәсібі саласында инвестицияларымыз бар. Келесі жылдың маусым айында «Ас содасын шығару зауытын» ашпақшымыз. Кәсіпорын арқылы елді сыртқы тәуелділіктен шығарып, шет елге экспорттау. Үкіметіңіздің инвесторларға жасаған қолайлы жағдайы салаларымызды кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. ​

Үкімет басшысының келесі аялдамасы ел астанасында 2010 жылы бой көтерген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші болды. Анкара қаласы Түркияның тарихи қалаларының қатарына жатады. Сол себепті, Елбасының ескерткішін жылына миллиондаған турист көріп, тамашалап кетеді. Сонымен қатар, премьер- министр Кайсери қаласындағы 2018 іске қосылған аурухананы аралады. Аталмыш орын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде салынған.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен.

Хабар 24 телеарнасы