419,02 492,14 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Асқар Мамин Катар премьер-министрінің орынбасарымен кездесу өткізді

  • 426
  • UPD: 16:04, 14.11.2019
Асқар Мамин Катар премьер-министрінің орынбасарымен кездесу өткізді

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Катар премьер-министрінің орынбасары Хамад бин Абдулазиз әл-Каваримен келіссөздер өткізді, деп хабарлады primeminister.kz.

«Катар ‒ Қазақстанның араб әлеміндегі маңызды саяси серіктесі. Біздің елдеріміз арасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті ‒ Елбасы Н. Назарбаев пен Катардың жоғары басшылығы негізін салған сенімді әрі ашық саяси диалог орнаған. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты ұстана отырып, Катармен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береді», – деді А. Мамин.

Үкімет басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты арттыру үшін үлкен әлеуеттің бар екенін атап өтті. 

Елдер арасында визасыз режим орнаған, осы жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан мен Доха арасында тікелей рейстер ашылады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта тұрақты рейстер аптасына 7 рет тек астаналар арасында ғана емес, сонымен қатар Алматы мен Доха арасында да ашылмақ, сондай-ақ Қазақстанда енгізілген ашық аспан режимі аясында «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесімен аптасына 7 жүк рейсі орындалатын болады.

Тараптар туризм, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Хабар 24 телеарнасы