384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенат төрағасы Еревандағы балалар онкологиясы орталығында болды

  • 164
  • UPD: 22:05, 15.11.2019

Сенат төрағасының Арменияға ресми сапары бүгін де жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дариға Назарбаева мен Арменияның бірінші ханымы Анна Акопянме бірге Балалар онкологиясы мен гематология орталығына және Ереван университеті жанындағы Қазақ тілі, мәдениеті мен тарихы орталығында болды.

Бұл орталық қатерлі ісікке шалдыққан балаларға арналған. Медициналық орталық бюджетінің тек 20%-і ғана мемлекет қаражаты. Қалған қаржыны донорлық ұйымдар мен ел тұрғындары жинайды.

Эстер Демирчян, «Күлім қаласы» қайырымдылық қорының директоры:

- Онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен жастардың барлық шығынын төлейміз. Яғни басты міндетіміз – адамдарды осы дертке байланысты туындайтын ақшалай қиындықтардан сақтап қалу. Биылғы бюджетіміз бір миллион доллар шамасында, бізге бәрі ақша аударып тұрады. Бұл супермаркетте қайтарымға алған ұсақ ақшасын қоржынға тастайтын қарапайым адамдар болуы мүмкін. Әрине, ірі ұйымдар да әлеуметтік бағдарламалар аясында қайырымдылық жарна бөліп тұрады.

Бұл орталық былтыр «Күлімдер қаласы» қорының қолдауымен құрылған. Қордың қамқоршылар кеңесін Арменияның бірінші ханымы Анна Акопян басқарады. Қазір орталықта 240 адам ем алып жүр, олардың 80%і 18 жасқа дейінгі бала. Сенат Спикері Дариға Назарбаева медициналық мекеменің жұмыс барысымен танысып, балалармен тілдесті.

Бұл орталыққа кезек жоқ. Көмек сұраған адамды бірден қабылдайды.

Екі ел арасындағы өзара байланыстың айқын бір үлгісі – Ереван мемлекеттік университеті жанындағы қазақ тілі, тарихы мен мәдениетін меңгеру орталығы. Осы тіл орталығына белгілі қазақстандық жазушылар мен дипломаттар ұдайы келіп, оқу-әдістеме қорын жаңа көркем және ғылыми әдебиетпен толықтырып тұрады.

Александр Сафарян, ЕМУ Түркітану кафедрасының меңгерушісі:

- Бауырлас халықтар екенімізге күмән жоқ. Армян-қыпшақ қолжазбаларын лингвистикалық тұрғыдан зерттеу маңызды. Солтүстік Еуразия тарихын ашу үшін үлкен еңбек атқаруымыз қажет. Мұның тек тарихи ғана емес, саяси құндылығы да зор. Өйткені Солтүстік Еуразия, яғни Еуразиялық экономикалық одақ халықтарының  рухани және тарихи бірлігін көрсетеді.

Дариға Назарбаева студенттермен әңгімелесіп, Қазақстан мен Армения арасында студенттер мен ғалымдар алмасу бағдарламаларының жобасын ұсынды.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Матенадаранда сақталған қолжазбалар көрмесін Қазақстанда өткізу жоспары бар екенін білемін. Әрине, ғалымдарымыз олардың түпнұсқасын көргісі келеді. Ғылыми ынтымақтастық орнатуға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Ең бастысы, саяси еркіміз бен ынтамыз болуы тиіс. Мұны екі білім ордамыз Ереван университеті мен Еуразиялық университеті ұйымдастыра алады. Бүгінде қазақ мәдениетін зерттеп, қазақ тіліне қызығушылық танытқан студенттер елімізге барып, университеттерімізді көргені жақсы болар еді.

Ереван университетінің түркітанушы мамандары жаңа антология дайындап жатыр. Алғаш рет Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев пен басқа да авторлардың шығармалары армян тіліне аударылатын болды. Бұл жоба Ереван университеті мен Еуразиялық университеттің әріптестігі арқасында жүзеге асады. Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты 2020 жылы қазақ мәдени орталығына ұлы қазақ данышпанының есімін беру көзделіп отыр. Бүгінгі сапар барысында Ереван университетіне қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің 10 томы, қазақ көркем әдебиетінің 100 кітабы және Ереван университетінің Бірінші құрметті докторы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаламынан туындаған 5 томдығы табысталды.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы