384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алдағы үш жылда халықты ауыз сумен қамту үшін 560 млрд теңге ақша бөлінеді

  • 148
  • UPD: 21:16, 25.11.2019

Әрбір әкімнің, мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігі артады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Себебі реформалардың бәрі аймақтарды дамытуды көздейді. Бүгін Елбасы «Nur Otan-ның» өңірлердегі филиалдарының өкілдерімен кездесіп, нақты мақсат-міндеттерді атады. Сонымен қатар Елбасы партияның кадрлық резервін іріктеу жобасының маңызына тоқталды. «Мәслихаттың сайлауалды партиялық тізіміне кем дегенде 30 процент әйел мен 20 процент 35 жасқа дейінгі жастар енуі тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Нақты істің партиясымыз», – деді Елбасы. Ал нақты істі бастауға, аяғына жеткізуге мүмкіндік мол. Бекітілген стратегия, түзілген жоспар, бөлінген қаражат бар. Алайда бар дүниені ақылмен ұқсата білу қажет. Елбасы ең әуелі осыны айтты.

«Nur Otan-ның» басы-қасында жүрген, «Nur Otan» бастамашы болған іс көп. Қолға алынған әрбір жұмыстың жай-жапсарын халыққа кеңінен түсіндіру қажет екенін айтты. Билік партиясының мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге бей-жай қарамай, белсенділік танытуы тиіс.

Аймақтарда мән беретін мәселе көп. Елбасы бұл тұста халықтың мұң-мқтажына құлақ асуды, жергілікті жұртқа жиі есеп беруді бөле-жара атады. Қанда жағдай болмасын, ең әуелі халықтың мүддесін қорғау керек деді.

Жергілікті жердегі жұмысты жүйелендіру – партияның негізгі міндеттерінің бірі. Ол дегеніміз – халықпен тікелей байланыс орнатып, қордалаған көп мәселені шешу. Бұл партияның ғана емес, облыс, аудан, қала әкімдерінің тізе қосып, бірге атқаратын шаруасы екенін айтты Нұрсұлтан Назарбаев.

Өңірлердің өмірін жақсартудың бір жолы – ауылдың жағдайын түзеу. «Ауыл – ел бесігі» жобасының ең әуелгі көздегені осы. Инфрақұрылым тартып, әлеуметтік нысандарды көбейтудің нақты жоспары анық. Бұл бағдарламаға 7 млн астам тұрғыны бар 3,5 мың елді мекен іріктеліп алынды. Бұлар болашағы бар ауылдар санатына жатады.

Ойлаған іс орындалса, 2026 жылға дейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың толық жаңарады. Бұл халықтың мәселесін шешу деген сөз, әкімдіктер осы істен айналысуы керек, деді Елбасы. Сонымен қатар алдағы үш жылда халықты ауыз сумен қамту үшін 560 млрд теңге ақша бөлінеді.

Қазіргі Қазақстан – транзиттік ел. Бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарылды. 12 мың шақырым авткөлік жолы, 2,5 мың шақырым теміржолдың құрылысы соған айғақ. Транзиттен түскен жылдық табыс 1,5 млрд доллар десек, 2025 жылға қарай оның пайдасы 5 млрд долларды еңсереді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы мән берген тағы бір мәселе – шағын және орта бизнес. Оның экономикадағы үлесі – қазір 27 процент, келешекте 50 пайызыға жеткізу міндеті тұр.

Әр аймақтың, әр ауыл мен қаланың сайлауалды бағдарламасын әзірлеуді тапсырды Елбасы. Содан соң ендігі жылы өңірлерді дамытудың бағдарламасы аяқталып, жаңасы әзірленеді. Мәслихат сайлауымен тұспа тұс келген құжат мазмұны – халықтың шынайы мұң-мұқтажын ескеруі керек.

Партияның кадрлық резервін іріктеу жобасы. Халықаралық тәжірибені зерттеп, жан-жақты талдау жүргізілді. Шетелдік партияларда праймериз аталатын науқанның маңызына тоқталды Елбасы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңайына топтасуға шақырды.

Алда партияның съезі. Оған дайындық қазірден жүріп жатыр. Сайлау науқаны қарсаңында жұмыс күшейе беретін болады. Жиын соңында Елбасы нұротандықтарды «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапаттады.

Авторлары: Дархан Абдуахит, Айдос Меделбеков, Хасен Омарқұлов, Айдос Ентебек

Хабар 24 телеарнасы