384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев шет елдердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесті

  • 137
  • UPD: 19:39, 26.11.2019

Мемлекет басшысы Қазақстанда аккредиттелген шет елдердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесті.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда аккредиттелген шет елдердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесті. Қазіргі таңда елімізде 70 Елшілік және 30 халықаралық ұйым өкілдігі жұмыс істейді», - деп жазды.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың кездесуде сөйлеген сөзінен:

«Құрметті ханымдар мен мырзалар! Біз еліміз үшін маңызды мерекелер – Тұңғыш Президент және Тәуелсіздік күні қарсаңында кездесіп отырмыз. Рождество мен Жаңа жыл демалыстары да жақындап қалды. Бұл – өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындайтын кезең. 2019 жыл Қазақстан үшін өте маңызды болғанын баршаңыз жақсы білесіздер. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билікке басшылардың жаңа буыны келуі үшін тарихи шешім қабылдады. Өткен президент сайлауы саяси жүйеміздің тұрақтылығын және демократиялық даму жолымыздың мызғымастығын бүкіл әлемге танытты. Менің атыма құттықтау жолдаған мемлекет басшыларына және халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне ризашылығымды білдіремін. Биліктің бейбіт жолмен берілуі Қазақстанды тың серпінмен дамытуға мүмкіндік тудырды. Біз Тұңғыш Президентіміз негізін қалаған дамудың стратегиялық бағдарынан айнымай, сабақтастық, әділеттілік, өрлеу құндылықтарына берік боламыз», - деді Мемлекет басшысы.

Хабар 24 телеарнасы