432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР Президентінің Қырғызстанға сапары барысында бірқатар келісімге қол қойылады

  • 651
  • UPD: 20:21, 26.11.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Қазақстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған бірнеше келісімге қол қояды деп жоспарланған. 

Қазір ел астанасы Бішкекте қызу дайындық. Қырғыз сарапшылары бұл сапардың символдық мәні бар дейді. Олар мемлекет басшыларының осы кездесуі бауырлас елдердің байланысын одан әрі бекемдей түседі деп отыр.

Бішкекте күн райы күрт суытты. Қар қалың жауып, коммуналдық қызмет өкілдерін біраз әбігерге салды. Табиғаттың шәлкез мінез танытуына қарамастан мұндағылар қызу дайындалып жатыр. Көше бойындағы мынадай тақтайшаларға мемлекет басшыларының суреттері ілінген, тулар да қаз-қатар тізіліп тұр. 

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Қазақ пен қырғыз бұрыннан қоңсы қонған. Бауырлас елдер. Діні бір, ділі де бір. Бірақ кейінгі жылдары арадағы байланыстың бірте үзіліп жатқаны байқалды. Сенімге селкеу түскендей болды. Сөйте тұра тамырын тереңнен алатын түбі бір ұлттардың түбінде ұйысатыны анық еді. Қасым-Жомарт Тоқаев іргелес осы елге мемлекеттік сапармен келеді. Тараптар кездесуінде бірнеше маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланған.  

Қырғыздар арадағы байланыстың одан әрі беки түсетініне бек сенеді. Бұл сапардың символдық мәні бар дейтіні сондықтан. Биыл Сооронбай Жээнбековтың ел тізгінін қолына алғалы екі жыл. Билікке келгенде алдымен қазақ елімен арадағы байланысты жақсартамын деп еді. Ертеңгі кездесу соның нақ айғағы болса керек.

Игорь Шестаков, саясаттанушы:

- Қазақ-қырғыз қарым-қатынасында біраз шиеленістің болғаны белгілі. Сол кезде билікке Сооронбай Жээнбеков келіп, бауырлас қазақ елімен байланысты дамытамын деп еді. Осы екі жылда мемлекеттер арасындағы тұрақтылық сақталып ғана қоймай, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. 

Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 900 млн долларға жуықтаған. Енді сол көрсеткішті еселеу көзделіп отыр. Анығында Қазақстан қырғыз елі үшін даңғыл жол іспетті. Өйткені осы елдің тауарлары Қазақстан аумағы арқылы өзге мемлекеттерге тасымалданады. Шекарадан күніне мыңдаған көлік өтеді. Осы ағынның енді толастамасы анық. Келер жылы Қордай бекетін жаңарту жоспарланған. Шу өзені арқылы жаңа көпір салу да ойда бар. Мұның барлығы сауда айналымына тың сепін әкелетіні сөзсіз. 

Асылбек Аюпов, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

- Біздің елге мұнай өнімдері Ресейден тасымалданады. Ал Ресей Қазақстанмен салыстырғанда бізге алыс. Оның үстіне, ондағы жанармай бағасы да қымбаттап жатыр. Мұның салқыны қырғыз еліне тиетіні анық. Сондықтан біз мұнай өнімдерін толығымен Қазақстаннан алған дұрыс деп санаймыз. Ол үшін темір жол желілерін дамыту керек.

Екі ел арасына шойын жол төсеу туралы бұрыннан айтылып келеді. Сарапшылар мемлекет басшыларының ертеңгі кездесуінде осы мәселе түпкілікті шешімін табады дегенде сеніп отыр. Қазір қырғыздар Қазақстаннан астық алады, металл бұйымдарын импорттайды. Ал темір жол желісі дамыса, алыс-берістің артатыны анық.

Марат Қазақбаев, саясаттанушы:

- Қырғызстанның тау-кен өндірісінде, құрылыс материалдары өнеркәсібінде қазақстандық инвестицияның үлесі басым. Қазақстанда ауыл шаруашлығы саласы да қарқынды дамып жатыр. Біздің сол салада үйренеріміз көп. Сондықтан мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған қазақ-қырғыз бірлескен кәсіпорындарын құру керек деп ойлаймын. Бұл екі мемлекет арасындағы тауар айналымы көлемін ұлғайтуға ықпал етер еді. 

Касым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбековтың кездесуінде қауіпсіздік мәселесі де қаралуы мүмкін. Содырларға қарсы күш біріктіру, соларға тойтарыс беру маңызды мәселенің бірі. Бұл тақырып арғы күні де тілге тиек етілмек. Өйткені ел астанасы Бішкекте ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы кеңесінің кезекті отырысы өтеді.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ербол Дайыров, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы