376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаевтың Германияға ресми сапары Ангела Меркельмен кездесуден басталады

  • 306
  • UPD: 17:38, 05.12.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгін Германияға жасайтын ресми сапары канцлер Ангела Меркельмен кездесуден басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хаттама талаптарына сай салтанатты қабылдау, іскерлік түскі ас және баспасөзге арналған мәлімдеме де қарастырылған. Келіссөздер екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа бағыт-бағдарын айқындауға арналады. Әрі құны 2 миллиард АҚШ доллары болатын құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.

Германия – Еуропалық одақтың қозғаушы күші. 80 млн халқы бар. Өнеркәсіптің сан түрлі саласы қарқынды дамыған. Германиялықтар өз елінде өзгенікін тұтынбайды. Тек шикізатқа мұқтаж демесеңіз, отандық өнімге басымдық береді. Ал ең қажетті шикізат – мұнайды Қазақстан, Ресей, Норвегия және Ливия сынды елдерден сатып алады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

Германияның астанасы Берлиндегі әйгілі Бранденбург қақпасы. Салынғанына бірнеше ғасыр болған. Әлі де сыры мен сыны кетпеген. Кезінде тап осы жерден Германия екіге бөлінген деседі. Ал қазір біртұтас. Ол аз десеңіз, әлемдік саясат пен экономикада таразы басын тең ұстайды. Солтүстігіндегі, оңтүстігіндегі, батысы мен шығысындағы мемлекеттермен байланысы бекем.

Германияның шығысы бұл – біздің нарық. Тек Қазақстан емес, Қытайға да тікелей бағдар деген сөз. Осы жолда ұтарымыз көп. Бір ғана көлік-логистикалық қатынас қомақты қаржы әкелуі мүмкін. Ал германиялық бизнес тек транзитпен шектеліп қалмасы анық. Қазақстанға қаржы құйып, Қытай, Ресей, Орталық Азия сынды алып нарықтарды бірлесіп игеруге мүмкіндік ашылады.

Эдуард Кинсбрунер, Герман экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия бойынша аймақтық директоры:

- Биыл тауар айналымы сәл азайып қалды. Бұл жағдай Қазақстанның Германияға экспортының төмендеуінен болды. Ал біздің елден сіздерге жөнелтілетін тауар болса, көбейіп келеді. Оның үстіне, биыл экспорттық сақтандыру бойынша бірқатар мәселе шешімін тапты. Қазақстан президентінің осы жолғы сапары жағдайды жақсарта түседі деген сенімдеміз.

Германия халқы өткеннен үлкен сабақ алған. Оны мемлекеттің қазіргі әл-ауқатынан анық аңғаруға болады. Әлемдегі төртінші экономика деңгейіне көтеріліп отыр. Қазақстанға неміс тауарларының 200 түрі экспортталады. Елімізге құйған қомақты инвестициясы тағы бар. Алайда, әріптестікке тың серпін берер сәт келді.

Александр Рар, саясаттанушы (Германия):

Екіжақты әріптестікке кедергі болған екі мәселе бар. Еуропалық кәсіпкер өзін жайлы сезінетін құқықтық жүйе сіздерде әлі қалыптаспаған. Тәуелсіздігін 30 жыл бұрын ғана алған ел үшін бұл қалыпты жағдай. Соған қарамастан, қол жеткен жетістіктеріңіз көп. Жалпы Еуропалық одақтың өз құндылықтары бар. Демократия, либералдық, адам құқығы бар жерде әріптестікке қашан да даярмыз.

Еуропалық одақ құндылықтарына сай сұрақ таяуда мемлекет басшысына қойылды. Президент германиялық телерадиокомпанияға берген сұхбатында саясат пен экономикада біз таңдаған жол барын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен өзімнің сайлауалды бағдарламам мен халыққа арнаған жолдауымда қоғамды саяси жаңғырту жөнінде айттым. Осы салада жаңа реформаларды қолға алмасақ, экономиканы одан әрі дамыту мүмкін емес. Мұны түсіну үшін Маркстың еңбектерін оқып шығу керек. Экономика мен саясат бір-бірімен тығыз байланысты.

Бір ерекшелігі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Еуропалық одақ бойынша сапары Германиядан басталғалы тұр. Мұның да өз жөні бар. Екі жақ – сенімді серіктес. Мақсат бір, мүдде де ортақ. Сондықтан болар, президенттің сапары екі күнге жоспарланған. Ең маңызды келіссөздер Германия канцлері Ангела Меркельмен және президенті Франк Вальтер Штайнмайермен жүреді. Сондай-ақ бизнес қауымдастықпен кең ауқымды кездесу ұйымдастырылып, Берлин Еуразиялық клубының 28-отырысы өтеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы