376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Назарбаев елорданың алғашқы құрылысына атсалысқан тұлғалармен кездесті

  • 222
  • UPD: 22:00, 10.12.2019

Осыдан тура 22 жыл бұрын, 10 желтоқсанда  ел астанасы Алатаудан Сарыарқаға көшті, деп хабарлайды «Хабар 24»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін елорданың алғашқы құрылысына атсалысқан тұлғалармен кездесіп, қала тарихына арналған көрмені аралады.

Бұл кадрлардың қай-қайсы да сөйлейді. Тоқырауға толы тоқсаныншы жылдарды ғана еске түсірмейді, бұл – нар тәуекел деп, берекелі іске белді бекем буған жас мемлекет жетістіктерінің бастауы жайлы баяндайды. Тау алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, елорданы Сарыарқаның сауырына көшіру жөніндегі шешімнің де қадірі күн санап артып келеді.

Бұл – құр көшіп-көшіп қону ғана болған жоқ. Идеяның астарында ең әуелі ұлттың мүддесі жатты. Себебі бабадан қалған ұланғайыр жердің астанасын ел шетінен орталыққа ауыстыру қай  жағынан да тиімді еді. «Табиғи шектеуі көп, оның үстіне экологиясы мүшкіл Алматы мен астана құрылысының айырмашылығы 2,5 есе болды», – деген Елбасының бір сөзі бар.  Тағы бір естелігінде Нұрсұлтан Назарбаев «мен саяси мансабымды ортаға салып, өмірімді бәйгеге тігетінімді жақсы түсіндім», – дейді. Қазір айтуға оңай,  алайда сол кезде үмітінен гөрі күдігі басым шешім кейін тұтас елдің мақтанышына айналды. Тұтас ел дамуының өзегі болды.

Бүгінгі кездесуге келген қайраткердің қай-қайсы да елорданың даму жолын жақсы біледі. Олардың бәрі Елбасымен бірге жүріп, қаланың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосты.

Өткен 22 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан қаласына қатысты елеулі даталар қалыптасты.

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы 1994 жылдың 6 шілдесіндегі Жоғарғы кеңестің шешімі – тарихи. Тарихи шешімнің негізінде 1998 жылдың 10 желтоқсанында ресми түрде көш басталды. Сол күннің куәгерлері Арқаның  шыңылтыр аязын бүгін ерекше жылылықпен еске алады.

Надежда Петухова, ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты (2012-2016 жж. ):

– Қоныс аударып жатқан халықты вокзалдан күтіп алған кезде қолымызға ұстап барған гүл шоғы үсіп кетпесін деп, пәлтемізбен қымтап тұрғаным есімнен кетпейді. Тағы бір оқиға: «Бәйтерек» монументінің ашылуына Владимир Путин келді, Нұрсұлтан Назарбаев «мына жерде елшілік ғимараттары, мына маңайда сауда орталығы болады», – деп, ен далаға нұсқап, түсіндіріп жатты. Сол кезде оларды қаумалап тұрған бәріміз үшін мұның бәрі  бүгін-ертең орындала қоймайтын арман сияқты көрінетін.

Бұл шешімнің саяси әрі экономикалық мазмұны терең болғанын сол кезде қорғаныс министрі қызметін атқарған Мұхтар Алтынбаев та айтады.

Міне, тағы бір тарихи кадрлар. Арқа әуежайына жиналған қауым Елбасын күтіп алып, ақ тілегін айтып жатыр. Сол күні «Қазақстанның дәрежесін көтеретін, халқымыздың мерейін үстем ететін тамаша астана болады», – деп сұхбат беріпті Нұрсұлтан Назарбаев.

Сол кездің қиындығы – қазір естелік. Ескі күнді еске салатын құнды жәдігерлер бүгін көрмеге қойылды.

Кескін-келбеті ешкімге ұқсамайтын, болмыс-бітімі бөлек шаһарды шартарап біледі.  Себебі халықаралық күн тәртібіндегі күрмеулі мәселе  осы жерде талқыға түседі.  Өткен 22 жылдың ішінде қала халқының саны ғана өскен жоқ, Нұр-Сұлтан – білім мен ғылым дамыған, бизнес пен инновация тамыр жайған мерейлі мекен. Қазақтың кіндік қаласы – қазір белгілі бренд, мәңгілік елдің мегажобасы.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Хасен Омарқұлов және Дулат Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы