429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астана процесі жөнінде шетел тілшілерінің пікірі

  • 508
  • UPD: 12:39, 11.12.2019
Астана процесі жөнінде шетел тілшілерінің пікірі

Нұр-Сұлтан қаласында Астана форматындағы Сирия бойынша кезекті 14-кездесу өтеді деп жоспарланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Астана процесінің барысын қатысушыларымен қатар бүкіл әлемнің ақпарат құралдары да қадағалайды әрі талқылайды. Сирияда тілшілері әлгі басқосуға қаншалықты дайын?

Астана процесі мен оның Сириядағы жағдайға әсері туралы пікір білдіруге тілішілердің бәрі бірдей келісе бермейді. Бірқатары өз арналарының саясатын түсіндіріп, сұхбат беруден бас тартты. Дегенмен, өз ойын бүкпесіз жеткізетіндер де табылады.

Пабло Гонзалес, GARA газетінің тілшісі (Испания)

- Көріп тұрғанымыздай, Сирия халқы үшін бұл келіссөздер – оң үдеріс, өйткені ол бейбітшілік орнатуға бағытталған. Алайда, Еуропа тұрғыны ретінде қарастырсақ, бұл дағдарыс елдерімізге тікелей қауіп төндіргеніне қарамастан, еуропалық дипломатия осы процестен шет қалды. Осындай қатер ретінде босқындар мәселесін келтіруге болады. Қазір бұл жағдай біртіндеп шешіліп жатыр, бірақ Еуропаның оған әсері жоқ. Еуроодақ өкілі бұл келіссөздерге байқаушы ретінде қатысады, бірақ оның барысына ықпал етпейді.

SANA ақпарат агенттігінің тілшісі Набил Али «Астана форматындағы келіссөздер жалғасу керек», дейді. Өйткені ол өз тиімділігін көрсетті. Бұл алаңда әлі талай түйткілдің түйінін тарқатуға болады. 

Набил Әли, SANA ақпарат агенттігінің тілшісі (Сирия):

- Көптеген жылдарға созылған соғыстан кейін жағдай түзеле бастады. Елді мекендер террорлық топтардан босатылғаннан кейін көптеген босқындар үйлеріне оралды. Шаруалар жерді қайта өңдеуге кіріскен. Бұл Астана процесінің маңызды жетістіктері.

Сирия азаматы Әли әл Әли Нұр-Сұлтан қаласындағы келіссөздер өз елінде бейбітшілік орнатуға жол ашты деп санайды.

Әли әл Әли, Al-Alam news телеарнасының тілшісі (Сирия):

Астана процесіне қатысатын елдер қуатты мемлекеттер. Сириядағы көптеген дүниелер олардың қимылына байланысты болып отыр. Ақырында бұл келіссөздер қантөгісті тоқтатып, бейбітшілік орнататынына сенеміз.

Қытай басылымының тілшісі деэскалация аймақтарын құру – Астана процесінің басты жетістігі деп санайды. Енді осы төрт аймақтың арасында тек Идлибті ғана үкімет бақылауына қайтару мәселесі ғана қалып тұр.

Лу Юйгуан, Phoenix TV телеарнасының тілшісі (Қытай):

Әрине, мұндағы жағдай күрделі, саясатқа тіреліп отыр. Түркия мен күрдтер, Ресей, Сирия және Иран, барлығының өз мүдделері бар. Ал бүкіл ел бас біріктірсе, бұл Сирия халқына жақсылық әкеледі деп санаймын. 

Грекиялық тілші өз елінің ұстанымына сәйкес бұл процеске келе алмауы мүмкін екенін ескертті. Дегенмен, ол өз пікірін білдіріп, бейбіт келіссөздер алаңы ретінде Қазақстанның таңдалуы кездейсоқ жағдай емес деп атап өтті.

Афанасиос Циолиас, Open TV телеарнасының бас тілшісі (Грекия):

Бір білетінім, түрлі халықтардың басын қосып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Қазақстанның тәжірибесі мол. Тап осы жағдай Сирияға қажет және пайдалы болмақ. Бұрын ол да көптеген ұлттар мен діндер тату тұратын ел еді. Өкінішке орай, белгілі бір күштер мен мемлекеттер араласып, елдің  берекесін қашырды.

Сирияда толық бейбітшілік орнатуға әлі де ұзақ уақыт қажет. Дегенмен дәл осы Астана процесінің арқасында елдің алды туған жеріне оралып, тұрмысын түзеуге күш салып жатыр.

Авторлары: Ақмарал Баталова, Евгений Махметов

Хабар 24 телеарнасы