378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің биылғы жұмысы қорытындыланды

  • 193
  • UPD: 22:26, 20.12.2019

«Еуразиялық зейнетақы» мен бес жылға арналған стратегия. Санкт-Петербургте өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында қаралған құжаттардың ішінен осы екеуін ерекше айтуға болады. Ұйымның алдағы бес жылдық бағыт-бағдарын айқындайтын стратегиялық құжат әлі де талқыланатын болды, ал бүгін қабылданған зейнетақымен қамту жөніндегі келісімнің әлеуметтік маңызы зор. Алқалы басқосуға Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 

Еуразиялық интеграция десе, Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қоса аталады. Тек идея авторы ғана емес, идеяның бірлестікке айналуына ерен еңбек сіңірген, ықпалдастықтың ырысын молайтуға ынта қойған Елбасының көшбасшылығын былайғы жұрт әлдеқашан мойындаған. Сол мойындаудың бір белгісі болса керек, биыл Нұрсұлтан Назарбаев  Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы атанды. Ресей Президенті Владимир Путин Құрметті төрағаның еңбегін бөле-жара атап өтті.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Бірнеше жыл бірлесе жұмыс істегеніміздің барлық тиімді тұстарын қазір тізбектеп айтып отырмайын. Кеңестің құрметті төрағасы Н.Назарбаевқа кезінде осы қауымдастықты құруға бастамашы болғанына алғыс айтқым келеді. Н. Әбішұлы барлық іске белсене аласады.

Бұл жылдағы дәстүр. Былтырғы саммит те Санкт-Петербургтегі Ельцин атындағы Президент кітапханасында болған. Әдетте құлаққа ұрған танадай тып-тыныш ғимарат желтоқсанның соңында бір сәтке келіссөздер алаңына айналады. Кеңестің қарауына барлығы 12 мәселе ұсынылып, талқыланды. Соның бірі Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі стратегиясы. Қол қойылған маңызды құжатта ықпалдасуға икемді сан саланың бәрі қамтылған. Тағы бір келісім зейнетақы жүйесімен байланысты. Бірнеше мәрте әңгімеге арқау болған, бес жыл бойы талқыланған мәселеге Санкт-Петербургте нүкте қойылды. Құжат келесі жылы күшіне енеді, демек келесі жылдан бастап бес елдің еңбек мигранттарының еңбек өтілі бес елдің зейнетақы жүйесінде бірдей есептеледі. Ресми құжатын рәсімдеп, заңды түрде жұмыс істейтіндердің бұдан ұтары көп. Мәселен, тек Қазақстан аумағында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің 20 мыңнан астам азаматы еңбек етеді.

Тимур Жақсылықов, ЕЭК Экономика мен қаржылық саясат жөніндегі министрі:

- Бұл келісімнің маңызы неде? Біз Еуразиялық экономикалық одақтың бір миллионнан астам тұрғынының мүддесін қорғаймыз. Мәселен, Қырғыз Республикасының азаматы Ресейде жұмыс істеп жүріп, сол мемлекеттің зейнетақы жүйесіне қаражат аударады. Алайда кейін оның басқа елдегі еңбегі зейнетке шыққанда ескерілмейді. Жаңа келісімге сәйкес, енді жұмыс өтілі есепке алынатын болады.

Экономикаларды жаңғырту. Мүмкіндіктерді біріктіру. Бәсекені күшейту. Бес жыл бұрын одақ құрылған уақытта «ықпалдасудың негізгі көздегені осы» делінген болатын. Содан бері бірлестік алған бағытынан тайған жоқ. Бес ел бірге жүруге келіскелі мүмкіндікті мүлт жібермеуге мүдделі. Көбіне-көп кедергілер кесе-көлденеңдегенімен олардың дені ұзақ кеңесулерден соң біртіндеп шешіліп келеді. Санкт-Петербургтегі саммит одақтың тағы бір жылын қорытындылады.

Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Хасен Омарқұлов, Айдос Ентебеков

Хабар 24 телеарнасы