424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжіліс төрағасы биыл атқарылған жұмысты қорытындылады

  • 713
  • UPD: 16:07, 25.12.2019

Биыл мәжілісте мақұлданған заң жобалары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағыты мен Президент Жолдауындағы бастамаларды заңнамалық тұрғыда толықтай қамтамасыз етілді. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді.

Мәжілістің  жалпы отырысында ол  биыл атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Яғни осы сессия басталғалы парламенттің кіші палатасы 77 заң жобасымен жұмыс істеп, 36-сын мақұлдады. Әсіресе халықтың тұрмыс жағдайын түзеуге бағытталған заңдарға басымдық берілген. Солардың ішінде мұғалім мәртебесі, шағын кәсіпорындарды салықтан босату мен зорлық-зомбылыққа қатысты заңдар жан-жақты талқыланып, мәжіліспен мақұлданды. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын күшейтуге ерекше назар аударылды. Соның арқасында, тікелей әлеуметтік - экономикалық  маңызы бар бірқатар заңдар қабылданып, оны жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасалынды. Осы жолда біз Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбіш ұлы Назарбаев белгілеп берген стратегиялық бастамаларды басшылыққа алдық. Сонымен бірге, сессияның ашылуында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемел ұлы Тоқаев алға қойған мақсаттар – біздің басым бағыттарымыз болды. 

Бүгін парламент мәжілісінің депутаттары халықаралық екі құжатты ратификациялады. Оның бірі Шаңхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясына байланысты. Ол ұйымға мүше мемлекеттердің экстремизмге қарсы алдын ала әрекет етуіне, бір-біріне құқықтық көмек көрсетуге өзара ынтымақтастығын арттыруға бағытталған. Конвенцияны бүгінде Қытай, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан елдері ратификациялаған. Оның аясында өңірлік ұйымдар бірлесе отырып, ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарында теріс ағымды насихаттайтын ақпараттармен күресті күшейтеді. Сонымен қатар дәстүрлі мәдени патриоттық тәрбиені таныстыру жолында күш біріктіреді. 

Нұрғали Білесбеков, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:

- Конвенцияның ережелерін іске асыру қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді, сондай-ақ жаңа заңдар мен өзге де нормативтік актілерді қабылдауды талап етпейді. Себебі әрбір мемлекетте күшіне енген нормативтік актілер пайдаланылатын болады. Заңды қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейді.

Хабар 24 телеарнасы