376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жылы Қазақстанның сыртқы саясатында қандай жаңалықтар болды

  • 152
  • UPD: 10:53, 30.12.2019

Биыл еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты өз жемісін берді. Қазақстан әлемдік қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық үдерістеріне тұрақты атсалысты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Астана» процесінің бірнеше раундын өткізіп, Сириядағы шиеленістің шешілуіне өзіндік үлес қосты. Тағы бір маңызды оқиға Еуразиялық экономикалық одақтың мерейтойлық саммитіне ұйытқы болды.

Сирия Араб Республикасындағы азаматтық соғыс отының тұтанғанына биыл 8 жыл. Осы уақыт аралығы шам елінің халқы үшін ең бір зұлматты әрі нәубетке толы кезең болды. Қаншама жан мерт болып, бейбіт жұрт бас сауғалады. Сәйкесінше әлемдік қауымдастықтың Сирия мәселесіне деген алаңдаушылығы артты. Қазақстан да қарап қалған жоқ. Қарсылас тараптарды бітімгерлікке шақыратын «Астана» процесіне ұйытқы болды. 

Әсел Назарбетова, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы:

– Конституциялық кеңес осы жерде құрылып, мемлекеттің мақсаттарына жүзеге асыруға жауапты. Сирияның территориясындағы өндірілетін мұнайдың үкіметке тиесілі екендігі айтылды. Сирияға байланысты Израильдің шабуылдары айыпталды.

Сирияда бір-бірімен қарсыласушы негізгі төрт тарап бар десек, олар биліктің жақтастары, қарулы оппозиция, күрдтер және «Ирак пен левант» лаңкестік ұйымы. Әр қайсысына сырттан тұрақты қолдау көрсетіліп, әлемдік державалардың теріс ықпалы сезіліп келеді. Сондықтан Сирия мәселесі аймақтық деңгейден асып, жаһандық сипат алды. Демек, шам еліндегі шиеленісті бірлесіп шешу қажет. Осы мақсаттағы «Астана» процесінің келесі раунды екі айдан кейін өтуі тиіс. Қазақстан құрлықтағы тек қауіпсіздік қана емес, экономикалық үдерістердің де қозғаушы күші. Соның бірі - Еуразиялық экономикалық одақ. Интеграциялық бірлестікке биыл 5 жыл. Осы уақыт аралығында көші-қон, еркін тауар және қызмет алмасу, тиімді нарық құру бастамалары жүзеге асты. 

Санат Көшкімбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

– 2019 жыл Еуразиялық экономикалық одақтың мерейтойлық саммитімен тұспа-тұс келді. Осы жиын елордамызда өтіп, Тұңғыш Президентіміздің өлшеусіз еңбегі бағаланды. 1994 жылы Елбасы Мәскеу мемлекеттік университетінде лекция оқып, өз идеясын жария еткен болатын. Арада 25 жыл өткенде сол бастама толыққанды жүзеге асқанын көріп отырмыз. Таяуда Санкт-Петербургте өткен саммитте де осы жайт ерекше атап өтілді.

Еліміз биыл АҚШ, Ресей, Еуропалық одақ және Азия мемлекеттерімен де ынтымақтастығын нығайтты. Сан түрлі келіссөздер жүргізіліп, келісімдерге қол қойылды. Президент 12 мәрте шетелге шықты. Өзбекстан, Қытай, Қырғызстанға мемлекеттік және Ресей мен Германияға ресми сапар жасалды. Еуразия құрлығының түкпір-түкпірін былай қойғанда, Солтүстік Американың ғана емес, дүние жүзінің алпауыты АҚШ-қа да табан тіреді. Сондай-ақ 9 халықаралық жиынға қатысты. Елге қосымша инвестиция тартылып, ұзақ мерзімді стратегиялық байланыс орнады. 

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы