376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Заң жобаларын дайындаудағы кемшіліктер сынға алынды

  • 137
  • UPD: 21:15, 30.12.2019

Мемлекеттік органдар заң дайындау барысында әлі де салғырттық танытып отыр.

Салдарынан қаралуы тиіс құжаттардың мерзімі бірнеше мәрте кейінге шегеріліп, жауапсыздық артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Мәжілістегі Үкімет отырысында Премьер-министр осы мәселені сынға алып, мұндай кемшіліктер қайталанса шара қолданылатынын ескертті.

Бұдан былай заң жобаларын енгізу мерзімі бұзылған жағдайда тікелей бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин айтты. Әділет министрі Марат Бекетаевтың хабарлауынша, осы жылы жоспарға 10 рет түзетулер енгізілген. Және 12 заң жобасының мерзімі ауыстырылған. Себебі заң жобасын дайындауда жүргізілген талдаулар сапасыз болыпты. Оған қоса мемлекеттік органдардың бірінші басшылардың тарапынан қажетті бақылаудың болмауы да кері әсерін тигізген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Заң жобаларын енгізу мерзімдерін сақтауды қамтамасыз етіп, сапасына аса назар аудару қажет. Мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына заң жобалау жұмыстарын бақылауды тапсырамын. Бұдан былай жоспарлы заң жобаларын енгізу бұзылған жағдайда тікелей бірінші басшылардың жауапкершілігі қаралатын болады.

Әділет министрлігі заң жобалау қызметіне бақылуды күшейтіп, сапасын арттыру мақсатында бірқатар шешімдерге түзетулер әзірледі. Ол жоспарланған заң жобасының мерзімін ауыстырғаны немесе оны бұзғаны үшін әзірлеуші мемлекеттік орган мен жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

- Бұған қоса, қоғамдық талқылау және қабылдау рәсімдерін жетілдіру мақсатында Әділет министрлігі заң шығару мәселелері бойынша жетілдіру мен түзетулер топтамасын әзірледі. Тиісті заң жобасы Үкімет отырысында мақұлданып, Парламентке енгізілді.

Сонымен қатар әзірлеуші мемлекеттік органдар заң жобаларының ережелерін мақсатты топтармен талқылау бойынша тиісті жұмысты жүргізбеген. Бұл факторлар 2019 жылға жоспарланған заң жобаларының жартысын ауыстыруға алып келді. Салдарынан Парламентке екінші жартыжылдықта 13 заң жобасының орнына 25 заң жобасы енгізілді. Бұл жоспардан екі есе көп. Бұған қатысты сындар айтылғаны белгілі. Сонымен, биылғы жылдың жоспарына 32 заң жобасы кірді. Олардың барлығы Парламент қарауына енгізілді.

Хабар 24 телеарнасы