423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Соғыс жағдайы туралы» Заңға Президентке қатысты өзгеріс енгізіледі

  • 518
  • UPD: 12:22, 15.01.2020
«Соғыс жағдайы туралы» Заңға Президентке қатысты өзгеріс енгізіледі

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттің қорғанысқа және әскери қауіпсіздікті қаматамасыз етуге дайындық жүйесін жетілдіру, Қазақстан Республикасының соғыс жағдайы саласындағы заңнамалық актілерін ықтимал әскери қауіп-қатерлерге және әскери қақтығыстар сипатындағы өзгерістерге сәйкес келтіру. Заң жобасы Еңбек кодексіне, «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы», «Жұмылдыру дайындығы туралы», «Соғыс жағдайы туралы» үш заңға түзету енгізуді көздейді.

«Оның мақсаты – мемлекеттің соғыс жағдайы кезеңінде жұмыс істеуі, сонымен қатар бейбіт уақытта оған дайындалу мәселесін құқықтық реттеу. Әсіресе «Соғыс жағдайы туралы» Заңда Президент өкілеттігін толықтыру ұсынылып отыр. Ол бейбіт уақытта іске асырылады. Бұл соғыс жағдайы саласын қолдану тәртібін айқындау, Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшылығы Ставкасы туралы, Қорғаныс кеңестері туралы, соғыс жағдайы кезеңінде Үкімет қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекіту болып отыр», - деді ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектанов.

Мұнан бөлек Үкімет қызметі мынадай өкілеттікпен толықтырады: бейбіт уақытта соғыс жағдайы кезеңіндегі министрліктер туралы ережені бекіту, соғыс жағдайы кезеңінде Үкімет құрылымына кіретін мемлекеттік органды соғыс уақытындағы штатқа көшіруді ұйымдастыру, жергілікті атқарушы органға азаматтық және аумақтық қорғаныс саласын қамтамасыз ету міндетін белгілеу. «Сонымен қатар соғыс жағдайы кезеңінде жергілікті атқарушы органның өкілеттігін көздеу, оларға «облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың қорғаныс кеңесін» құруға өкілеттік беру ұсынылады. Бұл ретте қорғаныс кеңестері әскери басқару органы ретінде соғыс жағдайы саласының орындалуын қамтамасыз етеді. Олар тек соғыс кезеңіне құрылады. Сондықтан Қарулы Күштер құрылымына кірмейді», - деп нақтылады ведомство өкілі. Мұнымен қоса «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» Заңға қорғанысты жоспарлау бойынша бірқатар түзету енгізу ұсынылды. Олар жүйелі түрде, яғни барлық басқару вертикалы бойынша қаралды. Әрбір деңгейге тиісті өкілеттік пен функция енгізіледі. «Біріншіден, Президент өкілеттігін қорғанысты жоспарлау қағидасын бекітумен толықтыру ұсынылады. Онда жоспардың құжаттар жинағы, мемлекеттік органның құжатты әзірлеу құзыреті көзделген», - деді Мұрат Бектанов.

Хабар 24 телеарнасы