431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақ Қазақстанмен кеңейтілген ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады

  • 452
  • UPD: 09:43, 22.01.2020

Еуроодақ Қазақстанмен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Брюссельде өткен Қазақстан – Еуроодақ ынтымақтастық кеңесінің 17-отырысында белгілі болды. Тараптар халықаралық және аймақтық қауіпсіздік, сауда мен инвестициялар, инфрақұрылым мен инновациялар, мәдени және гуманитарлық байланыстарды дамытуды қамтамасыз ететін келісімнің барлық тараптарын жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Еуроодақ Қазақстанның басты сауда және инвестициялық серіктесі, оның үлесіне сыртқы сауда айналымымыз бен елімізге құйылған инвестициялар мөлшерінің жартысы тиіп тұр. Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Брюссельге жұмыс сапары Еуроодақ кеңесінің Қазақстанмен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауымен қатар келді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Келісім тез арада күшіне енеді деп ойлаймыз. Нақты айтқанда, 1 наурызда деген үмітім бар. Оны жүзеге асыру табысты әрі өзара тиімді ынтымақтастығымызды дамытуға көп мүмкіндіктерді ашпақ. Ең алдымен, ол серіктестігіміздің жаңа басымдықтары мен салаларын белгілейді. Ынытымақтастық бойынша Кеңес мәжілістері бұл келісімді іске асыруға шоғырланады. Ол ынтымақтастығымыздың барлық салаларын: саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұстарын қамтыған.

Мұхтар Тілеуберді және Еуроодақтың сыртқы істер мен қауіпсіздік саясаты бойынша Жоғарғы өкілі Жозеп Боррел арасында өткен кездесуде жан-жақты ынтымақтастықты ұлғайту талқыға салынды. Басқосу барысында әлемдегі жағдай, Орталық Азия бойынша Еуроодақтың жаңа Стратегиясын жүзеге асыру және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапарына дайындық тақырыптары қозғалды.

Гордан Грлич Радман, Хорватия сыртқы істер министрі:

- Біз өте мазмұнды кездесу өткізіп, көптеген өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Ақпан айының ортасында Президент Тоқаевтың Еуроодаққа алғашқы ресми сапарымен келуін күтеміз. Біз Қазақстанды адам құқықтарын сақтау, заң үстемдігі, экономика мен саясат салаларында аймақта ең дамыған ел ретінде қарастырып отырмыз және осы жетістіктерін жоғары бағалаймыз.

Еуроодақ басшылығы елімізде саяси партиялар құру үрдісінің оңтайландырылуы мен «Жала жабу» бабының қылмыс қатарынан алынып тастауына жоғары баға берді. Сондай-ақ елімізді Еуропа кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына қосылу келісімін ратификациялауымен құттықтады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы