423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

М.Тілеуберді Германиядағы ірі компаниялардың басшыларымен кездесті

  • 352
  • UPD: 18:05, 30.01.2020

Қазақстан сыртқы істер министрі немістің ірі компанияларының басшыларымен кездесті. Берлинге жұмыс сапары барысында Мұхтар Тілеуберді Германия сыртқы істер министрі Хайко Мааспен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, елдің шығыс комитеті жыл сайын өткізетін жиынында баяндама жасады. 1952 жылы құрылған бұл ұйым Шығыс Еуропа және Орталық Азияның 28 елінде неміс кәсіпкерлерінің мүддесін қорғайды.

Германия экономикасының Шығыс комитеті ұйымдастырған кездесуге неміс бизнесінің көшбасшылары жиналды. Құрметті қонақтар арасында Қазақстан сыртқы істер министрі бар. Басқосуда сөз алған Мұхтар Тілеуберді кәсіпкерлерді Қазақстанға инвестиция салуға шақырып, нақты неміс бизнесіне елімізде жасалған ерекше жағдай туралы айтып берді. Бұл жеңілдіктерді алғаш рет Германияға ресми сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын.  

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Қазақстанда Дойче банк, Кнауф, Метро секілді Германияның алпауыт компаниялары жұмыс істейді. Қазір Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық сапа жағынан жаңа деңгейге шығып отыр. Жалпы Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі - инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Тәуелсіздікке ие болғаннан бері елімізге 300 млрд доллардан аса инвестиция тарттық. Бұл бағытта жұмысымызды жалғастырып келеміз. Инвесторларға барлық кезеңде қолдау көрсетіп жүргенімізді айтқым келеді. 

Мұхтар Тілеуберді ірі неміс компанияларының жетекшілерімен кездесулер өткізді. Тараптар қоқысты қайта өңдеу және цифрландыру салаларындағы жобаларды талқылады. Германия бизнесі сондай-ақ көлік тасымалы мен логистика саласында ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық білдіріп отыр.  

Эрих Штааке, логистикалық компанияның басқарма төрағасы:

- Қазақстанды жақсы білемін. Жібек Жолында бұрыннан істеп келеміз. Бұл Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды жол. Апта сайын Дуйсбург теңіз айлағынан 35 пойыз жіберіп тұрамыз. Германия мен Қытай арасында көптеген елдер орналасқанын ұмытпауымыз керек. Қазақстанның көлік тасымалы мен логистика саласында әлеуеті зор, біз қатыса алатын көптеген жобалары бар. Берлиндегі келіссөздеріміз жақсы өтті. Инфрақұрылым, көлік пен логистика саласында менің нақты жобаларым бар.  

Сонымен қатар Мұхтар Тілеуберді Германияның экономика және энергетика министрімен кездесіп, инвестициялар мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқыға салды. Тараптар келесі жолы Қазақстанда жүздесуге келісті. Петер Альтмайер жазда елімізде өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлік конферециясына қатыспақ.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы