426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Рухани жаңғырудың» 2020 жылға арналған жоспары бекітілді

  • 1140
  • UPD: 20:13, 05.02.2020

Бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының осы жылға арналған жоспары бекітілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл ол ұлттық бірегейлік және прагматизм сынды идеологиялық құндылықтарды насихаттау бағытында жұмыс істейді деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев. Бағдарлама аясында биыл қандай жобалар іске асырылады?

Былтыр елімізде «Туған жер» жобасымен 60 миллиард теңгеге бір мыңнан астам әлеуметтік нысан бой көтерген. Ал «Ауыл – ел бесігі» бастамасы аясында 500-ге жуық инфрақұрылымдық жоба іске асқан. Ұлттық комиссия отырысында Қырымбек Көшербаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының кейбір жобаларын нәтижелі деп бағаласа, кейбірін белгіленген межеден аспады деп сынға алды.

Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

– Кейбір өңірлерде бағдарламамен мазмұндық жағынан сәйкес келмейтін шараларды «Рухани жаңғырудың» есебіне енгізу де кезедеседі. Мұндай науқаншыл әрекеттер бағдарламаның және биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Әсіресе, бағдарламаның құнын түсіреді. Барлық атқарушы органдар бағдарламаны іске асыруда білім және ғылымға құштарлық, еңбексүйгіштік, ұлттық және өркениеттік құндылықтарды насихаттау сияқты шараларға басымдық беру керек.

Құндылықтардың дұрыс қойылмауынан отбасылық институт құлдырап барады дейді зиялы қауым өкілдері. Өткен жылғы деректерге сүйенсек, елімізде әрбір екінші неке ажырасумен аяқталған. Сондықтан биылғы бағдарламада моральдық құндылықтарды насихаттауға басымдық берілмек.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Прагматизм дегеніміз не? Ол ең бірінші ұлттық байлығымызға, өзіміздің өмірімізге өте үлкен жауапкершілікпен қарау деген сөз. Егер азамат өзінің тіршілігіне, отбасына, өмірі мен өзінің дүниесіне жауапкершілікпен қарай алмаса, ол мемлекеттің байлығына да жауапкершілікпен қарай алмайды. Сондықтан біздің санамыздағы ең негізгі мәселе өзіміздің отбасымыздан басталатын құндылықтарды жөндеуіміз керек.

Биыл бағдарлама аясында отбасылық құндылықтарды дәріптеп, дәстүрлі музыканы насихаттайтын жобалар іске аспақ. Сонымен қатар балаларға арналған анимациялық роликтер дайындалады. Ал Абай Құнанбайұлының шығармалары мен өзге де көркем туындыларды кеңінен тарату үшін арнайы аудиожазбалар әзірленбек.

Төлен Әбдік, жазушы:

– Бұл «Рухани жаңғырудың» жалпы бағыты дұрыс деп есептеймін. Бірақ біздің рухани әлемімізде не көп, пікір көп. Тіпті бүгінгі тәуелсіздікке, бүгінгі тілдің проблемасына қырық адам отырса, қырық түрлі пікір айтады. Бұл құндылықтар жүйесі бізде әлі қалыптаспай жатыр. Адамзатқа ортақ құндылықтар болады, біз соған жақындауымыз керек.

Талғат Қалиев, саясаткер:

– Қоғамда адамгершілік құндылықтарға басымдық беру керек. Талантты, талапты тұлға тәрбиелеуге ынталандыратын орта қалыптастыру керек. Мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы соған өз септігін тигізеді деген үміттемін.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының биылғы жоспарында іс-шаралар саны былтырға қарағанда екі есе қысқартылды. Жобалардың тиімділігін тексерген комиссия осындай шешімге келген. Ең бастысы, форумдар мен конференциялар жаңа бағдарламаның тек үштен бір бөлігін құрайды. Ал қалған жобалар еліміздің тарихы мен мәдениетін танытып, білімін тереңдетуге бағытталады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы