445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Әзербайжан президентін Қазақстанға шақырды

  • 360
  • UPD: 23:59, 14.02.2020

Мюнхенге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевпен де кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тараптар өзара серіктестік мәселесін талқылады. Каспий арқылы көрші саналатын қос мемлекеттің байланысы бекем, бірақ екі елдің сауда-экономикалық байланысында кері көрсеткіштер бар. Мысалы, өткен жылдың 9 айында Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттері арасындағы тауар айналымы 169 млн доллар болған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 16,3% төмен. Қазақстан мен Әзербайжанның транзиттік әлеуеті зор. Қос мемлекет те Еуропа-Азия бағытындағы жүк тасымалдауда маңызды рөл атқарады. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің арасындағы байланыстың бастауын сөз ете келе, Ильхам Әлиевті Қазақстанға сапармен келуге шақырды. «Біз талқылайтын мәселелер бар» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:

– Сізді Мюнхенде көргеніме қуаныштымын. Біз бұған дейін Сочиде кездескен едік. Енді екі ел арасындағы байланысқа келер болсақ, шынымен үлкен істер атқарылды. Бәрін басынан бастауға тура келді, бірақ жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл серіктестіктің негізін Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиев қалаған болатын. Мен кезінде сыртқы істер министрі ретінде оның куәсі болдым, қатыстым да. Қазақстан Әзербайжанмен бауырлас ел ретінде байланысты бағалайды. Біз Каспий арқылы көрші елдерміз. Ақтауда қол қойылған Каспийдің құқықтық статусы туралы Конвенция үлкен әріптестіктің бастауы болды деп сенеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сізді біздің елге сапарлап келуге шақырамын. Біз талқылайтын әрі шешетін көп сұрақтар бар.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Республикасының Президенті:

– Биылғы жыл да екі елдің байланысы үшін табысты болады деп сенемін. Тауар айналымын арттыруды көздеп отырмыз, әсіресе транспорт, туризм саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Және соңғы уақыттағы ортақ маңызды оқиғаның бірі – Каспий теңізінің құқықтық дәрежесін айғақтайтын Конвенцияға қол қою болды. Бұл келісім Каспий жағалауындағы елдер үшін тиімді болады деп есептеймін. Біздің бағытымыз дұрыс. Екі ел арасындағы бауырластық байланыс бекемдей түседі деп сенеміз.

Хабар 24 телеарнасы