443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкіметте геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қаралды

  • 169
  • UPD: 14:47, 18.02.2020

Еліміздің шығысында орналасқан кейбір қорғасын-мырыш кен орындарының қоры түгел сарқылған, деп хабарлайды «Хабар 24»

Ал 2040 жылға қарай Орловское, Малеевское және Риддер-Сокольниктегі пайдалы қазбалар да толық таусылуы мүмкін. Бүгінгі Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай деді. Оның айтуынша, жыл сайын кей өңірлерде мұнай өндірісі де азайып келе жатыр. Мәселен, Қызылорда облысында қара алтын өндіру жылына 1 миллион тоннаға дейін қысқаратын көрінеді. Көп ұзамай бұл жағдай Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында қайталанады деп болжап отыр мамандар. Үкіметте талқыланған геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы осы және саладағы өзге де мәселелерді шешуге бағытталған. Премьер-министр Асқар Мамин жауапты министрлікке бағдарлама жобасын осы жылдың 31 мамырына дейін Үкіметке енгізуді тапсырды.    

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

– Ұсынылып отырған бағдарламаның негізгі мақсаты - еліміздің минералдық-шикізаттық базасын дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тұрақты толықтыруларға жағдай жасау. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында геологиялық барлау жұмыстарына 60 мыңға жуық адам тартылады.  

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасын тиімді іске асыру арқылы 1 теңге салып, 4 теңге қосымша инвестиция тартуға болады. Еліміздің моноқалаларының маңында минералды-шикізаттық базасын толықтыру экономикаға оң әсерін тигізіп, өнеркәсіп салаларын дамыту үшін нақты негіз болады. Одан басқа жаңа кен орындарын ашқан кезде жаңа өндірістік кешендер құрылады. Бұл 6 трлн теңгеге дейін инвестиция тартып, 20 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Геологиялық барлау жүргізілген кезде геофизикалық зерттеу мен Жерді қашықтықтан зондтаудың жаңа әдістерін қолдану керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 31 мамырға дейін мемлекеттік бағдарлама жобасын Үкіметке енгізуді тапсырамын.

 

Хабар 24 телеарнасы