431,94 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕҚЫҰ Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірді

  • 197
  • UPD: 16:34, 21.02.2020
ЕҚЫҰ Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірді

Парламент Сенаты төрағасының орынбасары А.Шәкіров бастаған Қазақстан Республикасы Парламентінің делегациясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Венада өтіп жатқан 19-шы сессиясына қатысуда.

Делегация құрамында Сенат депутаттары М.Бортник, Т.Мұқашев және Мәжіліс депутаттары С.Абдрахманов пен Ж.Ахметбеков бар.

А.Шәкіров жалпы комитеттердің бірлескен отырысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және демократиялық өзгерістер туралы Ассамблея мүшелерін хабардар етті.

Атап айтқанда, «құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында жүзеге асатын көп партиялықты дамыту, парламенттік оппозиция құқықтарын нығайту, әйелдер мен жастарды заң шығару саласына тарту, құқық қорғау жүйесі мен бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі шаралар атап өтілді.

Отырыс қорытындысын шығару кезінде Парламенттік Ассамблеяның  төрағасы Георгий Церетели Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы үдеріске тікелей қатысып келе жатқанын жоғары бағалады.

ЕҚЫҰ ПА қызметіне қосқан елеулі үлесіне назар аудара отырып Г.Церетели Мемлекет басшысын ұйымның алдағы шараларына, атап айтқанда, биылғы шілде айында Ванкуверде өтетін Ассамблеяның жыл сайынғы сессиясына құрметті қонақ ретінде шақырды.

Сессия аясында Қазақстан Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының басшылығымен және Аустрия Парламенті Ұлттық Кеңесінің төрағасы Вольфганг Соботкамен бірқатар кездесулер өткізді.

Парламент депутаттары Саяси мәселелер және қауіпсіздік, Экономикалық мәселелер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта, Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер жөніндегі жалпы комитеттердің пікірсайыстарына қатысты. Кемсітушілік пен төзбеушілікке қарсы күрес, ұзаққа созылған жанжалдарды шешу, климат өзгерістерінің себеп-салдары және тағы басқалар күн тәртібіндегі негізгі мәселелер болып табылады.

Ақпарат көзі: parlam.kz

Хабар 24 телеарнасы