429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанның бастамасын қолдайды

  • 340
  • UPD: 18:20, 08.03.2020

БҰҰ Бас хатшысы теңізге шығар жолы жоқ 32 ел өкілі бас қосқан отырысқа қатысты.

Айта кетерлігі, бұл жиын Қазақстанның төрағалығымен өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесу барысында Антониу Гутерриш сөз сөйлеп, еліміздің бастамасын толықтай қолдайтынын жеткізді.

БҰҰ-да Қазақстанның төрағалығымен теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының отырысы өтті. 32 елдің өкілі бас қосқан жиынға алғаш рет ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш қатысты.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Бүгінде бұл топ әлемдік прогресті тежеп тұрған сын-қатерлер алдында тұр. Атап айтсақ, әлемнің әр жерінде тұтанып жатқан қақтығыстар мен қантөгістер, өршіп бара жатқан сауда шиеленістері. Одан қалды, коронавирустың кері әсері бар. Осыған байланысты біз теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер үшін Алматы мен Вена іс-қимыл бағдарламаларын іске асыру үшін барынша күш салып жатырмыз.

Отырыста Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров топтың төрағасы ретінде халықаралық сауда рәсімдерін жеңілдету, шағын және орта бизнестің әлеуетін нығайту мен инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығын баса атап өтті. Сондай-ақ ол теңізге шығар жолдың болмауынан туындайтын мәселелерді шешу үшін Жол картасын құруды ұсынды.

Қайрат Омаров, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Бүгін БҰҰ Бас хатшысымен өткен кездесу нәтижелі болды. Ұйым басшысы теңізге шығар жолы жоқ елдердің алдында тұрған проблемалар мен оларды шешудің нақты жолдарын белгіледі. Сонымен қатар ол мәселені шешу үшін мемлекеттер арасындағы тығыз өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Антониу Гутерриш теңізге шығар жолы жоқ елдердің проблемаларын еңсерудің практикалық шарасы ретінде Жол картасын құру идеясын қолдады. Ал жиынға қатысушылар Қазақстанның БҰҰ-дағы белсенділігі мен жемісті жұмысы үшін өз алғысын білдірді.

Нгоса Симбиакула, Замбияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

- Қазақстанға дейін теңізге шығар жолы жоқ елдер тобына Замбия елі төрағалық еткен еді. Енді бұл істі қазақ елі жалғастырып жатыр. Біз оған өте ризамыз. Кездесуге келер болсақ, өте жақсы өтті. Оған БҰҰ Бас хатшысы қатысып, сөз сөйледі. Топтың төрағасы ретінде Қазақстанның жетістікке жетеріне сенімдімін.

Жалпы Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ ел ретінде осы топқа мүше мемлекеттер арасында зор беделге ие болды. Еліміз географиялық орналасуына байланысты қиындыққа тап болған елдерге барынша көмектесіп келеді.

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы