413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаевтың Қазақстан Президенті лауазымындағы бір жылы

  • 364
  • UPD: 20:01, 18.03.2020
Қ.Тоқаевтың Қазақстан Президенті лауазымындағы бір жылы Zakon.kz

Осыдан бір жыл бұрын, 2019 жылдың 19 наурызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент өкілеттігі сол кездегі Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімі мемлекет үшін маңызды еді. Бұл оқиға еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын көрсетті.  

19 наурызда жасалған маңызды саяси шешім Қазақстанда билік ауысуының эволюциялық моделінің қалыптасқанын дәлелдейді. Бұл қағида кез келген мемлекет үшін өте маңызды. Елбасы білікті саясаткер ретінде заңдық және конституциялық деңгейде биліктің легитимді әрі бейбіт жолмен ауысының негізін жасады. Тұңғыш Президенттің КСРО ыдырағаннан кейін заманауи мемлекет құрудағы рөлі де зор. 

Вячеслав Додонов, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:

– Елбасы экономика саласында бай мұра қалдырды. Көптеген табыстар бар. Тәуелсіздіктің 28 жылында, ол мемлекет басқарып отырған кезде Қазақстанда барлық институттары бар нарықтық экономика қалыптасты. Бұл жай сөз емес. Өйткені ТМД елдерінің барлығында ол институттар жұмыс істемейді. Бізде бәсекелестік орта бар. Бүгінде даму бағытындағы сабақтастық сақталып қалды.

Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Болашақта елдегі жаңғырту процестерін жалғастыратын да жастар. Бірақ Елбасы секілді білікті саясаткердің өмірлік тәжірибесі өте маңызды. Сондықтан Тұңғыш Президент Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз етуді өз міндетіне алып отыр. 

Ирина Черных, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:

– Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық сахнадағы беделі зор. Елбасы қазір де белсенді жұмыс атқаруда. Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаевты аймақтық халықаралық қауіпсіздік жүйесінің және Орталық Азиядағы көпжақты қарым-қатынастардың көпшілік мойындаған ақсақалы деп айтуға болады. Ішкі саяси бағытта да, сыртқы саясатта да сабақтастық бар.

Жастар ұдайы Елбасының қамқорлығында. Тұңғыш Президенттің бастамасымен талантты және шығармашыл жастарды қолдауға арналған сүбелі жобалар да көп.

Леся Каратаева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:

– Тұрғындарды әлеуметтік қамтамасыз ету саласында Елбасы бастаған бағыттың жалғасып отырғанын көріп отырмыз. 2018 жылы Тұңғыш Президент жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. Биыл Президенттік жастар кадрлық резерві жобасы қолға алынды. Студенттерге көп жағдайлар жасалып отыр. Жас отбасылардан өзге де қазақстандықтар үшін маңызды - баспана мәселесі шешіліп келеді.        

Кез келген көшбасшы қабылдаған шешімдеріне жауапты. Қазіргі жағдайда посткеңестік мемлекеттер үшін ойланбай жасалған билік транзиті қоғамды ыдыратып, экономикалық дағдарысқа әкеліп, тіпті егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін еді. Осындай қауіптің алдын алу мақсатында Елбасының ерік-жігерінің арқасында Қазақстанда билік транзиті жасалды. Бұл ел игілігі үшін жасалған маңызды шешім дейді сарапшылар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Владмир Бовкис

Хабар 24 телеарнасы