435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев: Карантин қойылым емес

  • 278
  • UPD: 23:00, 21.03.2020

Мемлекет басшысы коронавируспен күрес жұмыстарын үйлестіру және мониторинг жасау жөніндегі шұғыл әрекет ету орталығына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды шұғыл әрі шынайы ақпараттармен қамтамасыз етудің маңыздылығын атады. Бұл орайда мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет тарататын ресми арналар айқындалуы тиіс.

Осыны Үкіметке міндеттеген соң, Президент медициналық бетперделердің тапшы екенін айтты. «Біз барлық қаладағы негізгі көшелерде азаматтарымызға масканы тегін тарата алатындай болуымыз керек» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Коронавирус әлемді қыспаққа алды. Індетке атүсті қарауға болмайды. Қауіпсіздік шараларын барынша қатаң ұстаған жөн. қысылтаяң шақта не істемек керектігін Президент айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызда тұрған басты екі міндетті атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алдымызда тұрған екі басты міндет бар. Алдымен осы карантин режимін қатаң сақтау. Бұл өте маңызды міндет. Шынын айтқанда, коронавирус – аса қауіпті ауру. Біздің адамдар әлі де бейжай, жайбарақат жүр. Бізде екі дерт қана бар. Ол – суық тиді, көз тиді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл індетті пандемия ретінде мойындады. Сондықтан біз Қазақстан бойынша төтенше жағдайды жарияладық. Мен елорда мен Алматыға карантин енгізуге мәжбүр болдым. Сондықтан әрбір азаматымыздың міндеті – бұл режимді сақтау. Бұл халықтың денсаулығы үшін керек. Бұл өте қажетті шара. Сондықтан бұл мәселеге немқұрайлықпен, селқостықпен қарауға болмайды. Бұл өте маңызды мәселе.

Індет қазір жұмыр жердегі 160-тай елге тарап кетті. Экономикака тигізген кері әсері де аз емес. Бұл үрдіс бізге де ықпал етері даусыз. Сондықтан ең алдымен бизнес өкілдерін қолдау керек. Мұны жақсы білетін Президент шағын және орта кәсіпке деп қыруар қаржы бөлетінін тағы бір мәрте шегелеп айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл індет әлемдік экономикаға үлкен әсер етті. Теріс әсер етті. Біздің алдымызда тұрған мақсат – енді экономикамызды құтқару. Кеше ғана Ұлттық банк 600 млрд көлемінде қосымша несие берді. Жалпы біз 1 трлн теңге ШОБ беретін болдық. Бірақ бұл жеткілікті емес. Қосымша іс-шаралар қабылдауымыз керек. Дүйсенбі күні Үкімет бұл әмселе бойынша тиісті шешімді қабылдайды. Алдымызда ең үлкен міндет бұл – ШОБ-ті құтқару. Сондықтан біз қордан қосымша қаражатты бөлеміз. Құдайға шүкір, Елбасымыздың арқасында қаражатымыз бар. Ең алдымен қарапайым адамдарға көмек көрсетеміз.

«Қарапайым адамдарды барынша қолаймыз» деген Президент шұғыл әрекет ету орталығының маңыздылығын атап өтті. Мекеме сандық технологияға негізделген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мониторинг жүргізетін орталықтың маңызы зор. Мен жұмыстарыңызды қолдаймын. Жалпы заманауи өмірде денсаулық саласын цирфлық технологиясыз елестету мүмкін емес. Коронавирустың одан әрі таралмауы үшін жағдайды бақылау мақсатында орталықтың атқаратын рөлі орасан. Ахуал өте алаңдатарлық болса да дүрбелеңге бой алдырмау керек.

Қазіргі кезде ең маңыздысы – тыныштық. Дүрбелең тудырмау. Жалған мәлімет, қауесет тарамау үшін Үкімет азаматтарға шұғыл әрі шынайы ақпараттарды жеткізіп тұруы тиіс. «Ақпарат тарататын ресми арналар айқындалуы керек деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі сәтте Үкімет қандай шараларды қабылдап жатқанын әрбір азаматымыз біліп отыруы тиіс.  Қауесет болмауы үшін тиісті ресми ақапараттар шұғыл беріліп тұруы қажет. Бізге Үкіметтің өкілі керек. Бұл орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрі күн сайын, тіпті сағат сайын қоғамға елдегі ахуалды оңтайландыру үшін Үкіметтің қандай жұмыстар атқарып жатқанын баяндап тұруы керек. Үкімет аз жұмыс істеген жоқ. Мамандардың бағалауынша, біз Еуропа елдеріне қарағанда айтарлықтай шұғыл әрекет етіп жатырмыз. Дегенмен бізге нәтиже керек. Халық әлі толық ақпарат ала алмай отыр.

Мұндай кезде адамға керектігі тамақ пен дәрі-дәрмек қой. Әсіресе маскаларға деген сұраныстың күрт артқанын байқадық. Бірақ елде маска тапшы. «Бетперделер қағаз жүзінде жеткілікті» деген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке қалаларда бетперделерді тегін таратуға пәрмен берді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бізде әлі күнге дейін тиісті көлемде бетперделердің жетіспейтіндігін атап айтқым келеді. Бірақ қағаз жүзінде бәрі жеткілікті. Бір жағынан халық дәріханаларда бетперделердің әлі де жоқ екенін айтып шағымдануда. Неге? Бұл алыпсатарлық деп ойлаймын. Алайда бұл орайда Үкімет тиісті шараларды қабылдап жатыр. Біз қалалардағы негізгі көшелерде азаматтарымызға тегін маска тарата алатындай болуымыз керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған аса жедел әрі шұғыл міндет.

Мемлекет басшысы халықты бетперделермен жедел қамтамасыз етуді талап етті де, еліміздің барлық азаматтарын үнемі антисептиктерді пайдалануға шақырды. Әсіресе журналистердің қауіпсіздік талаптарын орындауы, беттерінен маска тастамауы маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгін таңда отандық телеарнаның бірінен жаңалық көрдім. Сұхбат алып жүрген журналистің біреуі де маска тақпаған. Дәмхана, мейрамханаларға кіріп, сұхбат алуда, бірақ бетпеделері жоқ. Егер журналистердің өзі маска тақпаса, өзге жұртқа не айтамыз. Сондықтан бұған асқан жауапкершілікпен қарау керек. Әлемнің 160 еліне тараған коронавирус аса қауіпті. Мұндай індет соңғы 10 жылда болмаған. БҰҰ бас хатшысы бұл орайда үкіметтерді бірлесіп әрекет етуге шақырды. Себебі қазір әр Үкімет шекараларын жауып алып, өздерінше әрекет етіп жатыр. Соңғы бірнеше күнде Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның Президенттерімен сөйлестім. Негізінен біз Үкіметтеріміздің тығыз ықпалдаса жұмыс істеуі керектігі жайында әңгімелестік. Бұл ортақ мәселе болғандықтан, бірлескен жұмыстарды арттыра түсуіміз керек. Бірлесе әрекет еткен жөн.

Бірлесіп әрекет еткенде ғана нәтиже боларын, жағдай оңаларын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев карантин қойылым емес деді. Бұған әрбір азаматымыз асқан жауапкершілікпен қарағаны жөн.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Карантинді әрбір азаматымыз ұстануы керек. Бұл әзіл, спектакль емес. Карантинді ұстанбай, жақсылыққа жете алмаймыз. Сондықтан отандастырымызға белгіленген шараларды, тәртіпті ескеру керектігін айтқым келеді. Мемлекеттік қызметкерлер осы бағытта жұмыс істеуі қажет. Режимді қатаң сақтау керек. Бұл азаматтық борыш. Бүкіл әлем бойынша болжам жақсы емес. Бәріміз бұл індетпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ел, бір жұрт болып бірге күресейік.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген бар ғой. Жұмылсақ қана жақсылыққа жетеміз. Бұл шақтан да өтеміз. Осы сипатта сөзін сабақтаған Президент қалың жұртты Әз Наурызбен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Баршаңызды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Биыл өкінішке орай, мерекемізді ерекше жағдайда қарсы алып отырмыз. Дегенмен халыққа жақсылық тілеймін. Келесі мейрамды жақсы жағдайда қарсы аламыз.

Вирус бейқам отыруға болмайтынын әлемге дәлелдегендей. Басты байлық денсаулық екенін қаперден шығармаған жөн. Бұл дегеніңіз медицинаны дамытпақ қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше мән беруіміз керек. Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз.

Коронавирусқа қарсы күреске барлық сала мамандары жұдырықтай жұмылып жатқаны мәлім. Бірақ осы орайда ақ халаттылардың еңбегі ерен екеніне дау жоқ. Президент бүгін тағы бір мәрте медицина саласының өкілдеріне алғысын айтты. Алғыс айтты да, ендігі жерде ғылымды өркендетуге, ғалымдарды қолдауға барынша ықпал етпек керек деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазіргі жағдайда дәрігерлер белсенді жұмыс істеп жатыр. Біз оларға алғыс білдіреміз. Коронавирус өтпелі нәрсе. Медицина саласына көбірек көңіл бөлу керек. Яғни санитарлық эпидемиологиялық қызметке тиісті көңіл бөлу керек. Содан кейін медициналық ғылымға көңіл бөлу керек. Қазіргі таңда адамзаттың болашағы ғалымдардың қолында. Сондықтан келешекте ғылымға біз көбірек көңіл бөлуіміз керек.

Ғылым дамыса, ілгері басарымыз ақиқат. «Сондықтан медицинаны барынша цифрлық технологияларға негіздегеніміз дұрыс. Бұл уақыт талабы», - деді Президент.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы