425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қазақстан Қырғызстан мен Тәжікстанға гуманитарлық көмек көрсетеді

  • 799
  • UPD: 21:22, 10.04.2020

Қазақстан іргедегі қырғыздар мен тәжіктерге гуманитарлық көмек көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түбі бір түркі елдеріне 10 мың тонна астық жөнелту көзделген. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің төтенше бейнесаммитіне қатысты. Маңызды жиында Қасым-Жомарт Тоқаев тағы қандай бастама көтерді?

Түркі кеңесі тарихында мұндай жиын әлі өтпеген болар. Бірнеше елдің басшылары бұл жолы бір үстелдің басында емес, бейнебайланыс арқылы пікір алмасты. Өз ойларын ортаға салды. Қазақстан Президенті: «алты құрлыққа ауыз салған індетті ауызбіршілік танытсақ қана ауыздықтаймыз», деді. Сондықтан ымыраласып, ырыққа көнбей жатқан кеселге қарсы күш біріктіруді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақта «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген мақал бар. Дәл осындай қиын қыстау сәтте барлық мемлекеттер күш-жігерін жұмылдыруы тиіс. Біз де сол көштен қалмауымыз керек.

Ақпарат алмассақ, инновациялық емдеу тәсілдерін бірлесе ойластырып, диагностика жүргізсек, ғылым саласында жинаған азды-көпті тәжірибемізбен бөліссек – бұл қиындықты да еңсереміз. Қазақстан қазір қиын жағдайда қалған Қырғыз еліне және Тәжістанға қол ұшын созған. Әр мемлекетке 5 мың тоннадан ұн жөнелтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан да бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс көрсетуде. Біз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстанға және Тәжікстанға қолдау көрсететін болдық. Әр елге 5 мың тонна ұн берілді.

Дамыған елдер даурығып жатқан жоқ. Озық технологияларға иек артып, вакцина жасауға жең түре кірісіп кеткен. Біз де осы кеселдің емін табуға тырысуымыз керек. Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Қазақстанда індетті жылдам анықтайтын тест жүйелері әзірленгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жақында Қазақстанның ғылыми институттары диагностикалық тест жүйесін әзірледі. Біз осы тәжірибені бөлісуге дайынбыз. Қазіргі таңда кеңес хатшылығы «Түркі келешегі 2040» бағдарламасын дайындап жатыр. Баршаңызға аян бұл бастаманы ҚР Тұңғыш Президенті, Түркі Кеңесінің құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр ұйымның 7-саммитінде ұсынған болатын. Осы стратегиялық құжатты әзірлеу кезінде медицина саласында жіті мән беру керектігіні айтқым келеді.

Рас. Індеттің ілмегіне ілінгендердің өміріне қазір осы дәрігерлер араша түсіп жатыр. Медицина саласы көп елде кенжелеп қалған. Қазіргідей қысылтаяң шақта осы жайтқа жіті мән беретін кез жетті. Аты жаман ауру алыс-беріс пен барыс-келіске де кесірін тигізді. Әлемдік экономика шатқаяқтады. Вирус кетеді, бірақ салқыны кейін де сақталады. Жаһандық саудада өзгеріс болады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев: «бұл сынға дайын болуымыз керек», деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазірдің өзінде экономика жедел түрде цифрлық платформаға көшірілуде. Халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес 2023 жылы әлемде электрондық коммерция нарығы 2,8 триллион долларға дейін өседі. Соған дайын болу – болашақта тұрақты дамудың және бәсекеге қабілетті болудың кепілі.

Түркі жұртын тілі де, діні мен ділі де байланыстырады. Ортақ құндылықтары көп. Бұған дейін байланысы берік болған. Ал қазіргідей қиын кезде арақатынас тіптен беки түседі. Мемлекет басшылары осылай деп уағдаласты, бейнежиын соңында бірлескен Декларация қабылдады.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы