419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев: Ахуал күрделеніп кетпесе, ТЖ режимі 11 мамырда аяқталады

  • 804
  • UPD: 20:32, 04.05.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламент Сенатының отырысына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент бір жылдан астам уақыт жоғарғы палата спикері болған Дариға Назарбаеваға ризашылығын білдіріп, Сенат Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Мәулен Сағатханұлы Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Күні кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылғаны белгілі. Дариға Нұрсұлтанқызының палата спикері ретінде белсенді әрі жемісті жұмыс істегені үшін Президент ризашылығын білдірді. Сөйтті де, аталған лауазымға Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті Санат депутаттары! Менің Жарлығыммен Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев Сенат депутаты болып тағайындалды. Конституцияның 58-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Сенатының төрағасы лауазымына Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынамын. Ол мемлекет қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді жұмыс атқарды. Парламент жұмысын жақсы біледі. Әрдайым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ. Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың кандидатурасын Сенат төрағалығына лайықты деп санаймын.

Депутаттар жасырын дауыс берді. Нәтижесінде Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының төрағасы болып сайланды.

Қазір ел алдында тұрған міндеттерді орындау үшін ең алдымен билік тармақтарының арасында үйлесім қажет. Маңызды реформаларды жүзеге асыруда Парламенттің, әсіресе, Сенаттың рөлі де, құзыреті де ерекше.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сенат депутаттары заң жобаларын талқылау кезінде немесе басқа форматтағы басқосулар барысында қоғамымыздағы ең өзекті, елді алаңдататын мәселелер жөнінде өткір ойлар, сыни пікірлер айтуға құқылы. Бұл мәселе бойынша дау жоқ. Бұл ретте сіздердің жұмыстарыңыз өте жауапты екенін жақсы білемін.

Осы жауапты шақта мүлтіксіз қызмет етпек керек. Сенат мінберінен сөйлеген Президент Үкімет пен Ұлттық банк экономикалық дамуды қалпына келтіру үшін 11 мамырға дейін арнайы жоспар дайындайтынын атап өтті. Алдағы уақытта экономикаға түбегейлі реформа жүргізілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл – аса күрделі міндет. Ең алдымен экономикалық өсімді қалпына келтіріп, халықтың әл-ауқатын арттыру қажет. Біз осы пандемиядан сабақ алуымыз керек. Кейбір салаларда кемшін тұстарымыз бар.

Рас. Мұны індет көрсетті. Әлеуметтік салаларға ерекше мән беріледі. Басты байлық – денсаулық. Сондықтан бірінші кезекте...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірінші кезекте денсаулық сақтау жүйесіне баса мән берген жөн. Бұл саланы жаңғырту үшін тың бастамаларды қолға алуымыз қажет. Заман талабына сай ауруханалар салып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету аса маңызды. Бұдан былай медицина ғылымын дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдарымыздың әлеуеті зор. Мамандарға лайықты жағдай жасап, нақты қолдау көрсеткен абзал. Сонымен қатар білім және ғылым саласын толығымен жаңғыртатын боламыз. Осы ретте озық технологиялар мен цифрландыруды кеңінен қолдануымыз керек. Бұл – басты міндеттердің бірі.

Тағы бір басты міндет деп шағын және орта бизнесті өркендетуді айтқанымыз жөн. Бұл бағытта шаруасы шатқаяқтаған кәсіп иелеріне қолдау жасалып та жатыр. Жасала бермек. Тағы бір маңызды тұс бар. Елге келген індет ұлттық экономиканы әртараптандыру міндет екенін аңғартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндірістің жұмысын жандандыру қажет. Бұл – оңай мәселе емес. Дегенмен, оны басты назарда ұстаймыз.

Президент айтты. «Біз қолға алған саяси реформаларды жалғастыра береміз». Онсыз мемлекет дамымайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бізге басшылардың жаңа буынын тәрбиелеу керек. Елдің мүддесін ойлайтын мамандар болмаса, бастамаларымыз нәтижесін бермейді. Осы тұрғыда мен ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызы зор деп ойламын. Жалпы біз Елбасы мақұлдаған Ұлт жоспарын міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Бұл – бүгінгі заманның талабы.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Дәл осы Сенат мінберінде Президент ахуал күрделеніп кетпесе, төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталатынын айтты. Бірақ карантин режиміне байланысты іс-шаралар жалғаса бермек. Дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында індеттің жаппай таралуына әйтеуір тосқауыл қоя білдік. Мұны аты дардай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «енді бағыт-бағдарымыздан жаңылмай, алға батыл қадам жасайық», деді.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы