423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәжілісте парламенттік оппозицияға кепілдік беретін қадамдар мақұлданды

  • 265
  • UPD: 11:57, 06.05.2020
Мәжілісте парламенттік оппозицияға кепілдік беретін қадамдар мақұлданды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы мақұлданды.

«Аталған заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық кеңестің отырысында «парламенттік оппозиция» институтын заңнамалық бекіту туралы тапсырмасын орындау мақсатында дайындалды. Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын пайдаланып, «Ақ жол» партиясы алдын ала дайындаған парламенттік оппозиция туралы заң жобасын қазіргі жағдайдың талаптарына сәйкес қайта жаңартты. Заң жобасы фракция депутаттарының сапарлары барысында жергілікті және ұлттық деңгейінде сайлаушылардың, ғалымдардың әрі саяси қоғам өкілдерінің талқылауынан өтті. Талқылау жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды», - деді Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы заңнамада «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдарын бекіту бойынша құқықтық негіздерді қамтамасыз ету.

Мәселен, парламенттік оппозицияға қандай да бір мәселе бойынша өз ұстанымын білдіруге кепілдік беру мақсатында заң жобасында саяси партиялар фракциялары басшыларының Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілдік берілген құқығын бекіту көзделеді.

Заң жобасымен парламенттік оппозицияға Парламент Мәжілісінің Регламентінде көзделген тәртіппен күнтізбелік жылда кемінде бір парламенттік тыңдау өткізуге бастамашылық жасау, сондай-ақ парламенттік сессияда кемінде екі рет «үкімет сағаттарының» күн тәртібін айқындау құқығы беріледі.

«Кез келген парламенттік іс-шараларда парламенттік көпшіліктің орны, рөлі шешу екенін жақсы білеміз. Ал осы заң жобасының мақсаты – парламенттік оппозицияның құқықтарын іске асыру. Қоғамды алаңдататын проблемаларды көшеде емес, Парламент қабырғасында көтерген дұрыс деп санаймыз. Сол үшін оппозицияға кемінде сессия сайын өзекті тақырыптарды парламенттік тыңдау деңгейінде көтеруге мүмкіндік беру керек», - Перуашев.

Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған мәселеге қатысты пікір білдірді. «Меніңше, бұл норманың басқа нормалармен салыстырғанда үлкен айырмашылығы бар. Енді заң деңгейінде парламенттік оппозиция кемінде бір рет осы біздің парламенттік тыңдауға бастамашы болуына мүмкіндік береді. Ол бұрын болмаған, сондықтан бұл қадам маңызды», - деді Н. Нығматулин.

Хабар 24 телеарнасы