399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


А.Мамин Алматы облысындағы гидротехникалық құрылыстардың жай-күйімен танысты

  • 100
  • UPD: 22:49, 23.05.2020

Премьер-министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматы облысында болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет басшысы аймақтағы гидротехникалық құрылыстардың жай-күйімен танысып, өңірді дамыту бағдарламаларының жүзеге асу барысын бағамдады. Атап айтқанда, ауыл және су шаруашылығының, сондай-ақ тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылымның даму барысын тексерді.

Үкімет басшысы Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасына жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Мұнда 42 млн текше метр су жиналуы тиіс. Жалпы өңірде 356 гидротехникалық құрылғы жұмыс істейді, ирригациялық желілердің ұзындығы – 17 мың шақырымға жуық. 2028 жылға қарай өңірде 140 мың гектарға жуық суармалы алқап пайдалануға беріледі. Биыл су шаруашылығы нысандарын дамытуға облыстық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді. Ислам даму банкінің қаражаты есебінен суару желілерін қайта жаңарту жұмыстары Ескелді, Ақсу, Алакөл және Көксу аудандарында жүргізіліп жатыр. Асқар мамин Алматы облысының Балқаш, Ескелді және Талғар аудандарының жетекші шаруа қожалықтарының тәжірибелік алаңдары мен тауарлы сүт фермаларын да аралап, олардың материалдық техникалық базасымен танысты. Биыл Алматы облысының агроөнеркәсіп кешенінде 42 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Бақытнұр Бақытұлы, «Динара Групп» агрохолдингінің өнеркәсіп ісі жөніндегі директоры:

– Бізге мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіліп жатыр. Бірнеше қаржылық ұйыммен байланыстамыз. Мал басын көбейтуге, селекциялық жұмыстарды жүргізуге, шаруашылықты кеңейтуге барынша мүмкіндік жасалуда. Біздің агрохолдинг мал шаруашылығына тиесілі субсидияны алып отыр. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жүмыстарымызды әлі де жандандыра түсеміз.

Премьер-министр тұрғын үй инфрақұрылымы және өңірді газдандыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды да барлап шықты.

Үкімет басшысы өңірде өзге де мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқандығын өз көзімен көріп, нақты тапсырмалар берді.

Хабар 24 телеарнасы