423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытудың жоспарын әзірлейді

  • 312
  • UPD: 19:50, 27.05.2020

Ауыл мектептерінде сабақ беретін мұғалімдердің айлығы өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар, педагог мамандығын игеріп жатқан студенттердің шәкіртақысы екі есе көбейеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің кезекті отырысында осылай деді. Онлайн форматта өткен жиында оқулық мәселесі де қызу талқыланды. Енді сапасыз оқулық шығарған ұйым жауапқа тартылады. Кеңес отырысында дәрігерлердің табысын еселеу туралы да айтылды.

Отырыста Президент бірден сөз алмады. Алдымен кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірін тыңдады. Соның бірі – Рауан Кенжеханұлы үш ауысымды мектепті жояйық деді. Бүгінде елде 7 400 мектепте жалпы саны 3,5 миллионнан астам бала оқып жатыр. Олардың 70 проценті екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымдық мектепте білім алып келеді. Ал бір ауысымға көшу үшін әлі 3 мыңдай мектеп керек. Бірақ білім ордаларын тек мемлекет есебінен салу мүмкін емес. Қайтпек керек?

Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының басшысы:

– Біздің ұсыныс мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тарту. Қазіргі жеме меншік әріптестік туралы және білім беруді жан басына шағу тетігі мектеп салуға жеке қаражат соның ішінде шетелдік қорларды тартуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.  Алайда бизнесті ынталандыру жеткіліксіз. Оны қайта қарау керек деп санаймыз.

Кемшін тұстарды тыңдаған соң Президент салаға «еселеніп қаражат бөлінеді» деді. Алдағы бес жылда білім беруге бағытталатын қаржы 6 есе, ғылымға жұмсалатын ақша 7 есе ұлғаяды. Әйтпесе, біздің ел оқушылардың білім сапасы бойынша дамыған мемлекеттерден көш кейін қалып келеді. Мұның өзіндік себебі бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Білім саласына бөлінетін қаражаттың жетіспеушілігінің де өз себептері бар. «Көрпеге қарай көсілу керек» дегендей, қаражатқа қарай өмір сүру керек. Бірақ орта есеппен бір оқушыға жылына мың доллардан аз қаражат бөлеміз. Ал PISA рейтингіндегі үздік ондыққа кіретін елдер бір балаға 10-14 мың доллар бөледі.

Енді мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Бір сыныпта оқушылар тығыз отырмайтындай жағдай жасалады. 2025 жылға дейін 650 мың баланы қамтитындай жаңадан 800 мектеп салынады. Жоғарыда айтқан үш ауысымдық оқытуды жою үшін. 11 мың орынға арналған 114 интернат пен 700-ден аса спорт зал бой көтереді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биылдың өзінде жаңадан 80 мектеп салынып, 16 оқу ордасына реконструкциядан өтеді. 1700 мектеп жөнделеді. Инфрақұрылымдық жобалар тек мемлекеттік емес, жеке меншік әріптестік аясында да жүзеге асқаны дұрыс.

Тағы бір өзекті мәселе – қала мен ауыл мектептеріндегі оқушылардың білім сапасында айырмашылық көп. Елді мекендегі мектептер шаһардағы білім ордаларынан 1,5 жылға қалып келеді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Әрине, біріншіден, ауыл мен қала арасындағы алшақтық болса, екіншіден, өңір мен өңір арасындағы үлкен алшақтық бар. Сондықтан қала мен ауыл, өңір мен өңір арасындағы алшақтықты жою бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл проблеманың негізгі себебі – мұғалім жетіспеушілігі, әсіресе ауылдық жерлерде. Өйткені бала аз болса сағат та аз, сағат аз болса білікті мұғалім бармайды. 1 ставка алу үшін мұғалімдер 18 сағатқа жұмыс істеуі керек, бала аз болғаннан кейін сағат жетіспейді. Сондықтан осы мәселе бүгінде өте күрделі мәселенің бірі. Бұдан бөлек, біз бірнеше пәнді оқытатын мұғалімдерді даярлау, оқу-материалдық базаны нығайту, ауылдарда интернет сапасын жетілдіру және тірек мектептердің желісін дамыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

«Дипломмен ауылға» атты бағдарлама бар бізде. Бірақ нәтижесі болмай тұр. Қаланы көрген жастар ауылға баруға құлықсыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жастар ауылға барып жатқан жоқ. Қазір ауылдарда бір мұғалім 3-4 пәннен береді. Бір сабақта әртүрлі жастағы балалар бірге отырып оқуға мәжбүр. Ауыл ұстаздарына еңбекақы төлеуде бұл мәселе ескерілмейді. Сондықтан бұл мәселені біртіндеп түзеу керек.

Сападан бөлек, мектептегі қауіпсіздік те кеңес отырысында қаралды. Себебі оқушыны «зорлап кетті» деген жаға ұстатарлық жағдайды естіп жүрміз. Білім ордаларындағы қауіпсіздікке ең алдымен әкімдер жауапты. Мұны бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті биліктегілерге тағы бір мәрте ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің тапсырмаммен әкімдер барлық мектепті бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етеді. Санитарлық талаптарға сай жағдай жасайды.Бұл іс-шара жыл соңына дейін жүзеге асырылады.

Білімнің сапасын, оқушылардың қауіпсіздігін айтқан соң Президент ұстаз қауымының мәртебесіне тоқталды. Мұғалімнің абыройы әркез асқақ болуы тиіс. Асқақтату үшін енді алдағы уақытта үздік һәм үлгілі педагогтарға мемлекеттік награда бекітіледі. Медаль беріледі. Бұдан бөлек «Халық алғысы» атты тағы бір медаль бекітіледі. Мұнымен білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларда жемісті еңбек етіп жатқан азаматтар марапатталады. Ұстаздардың жалақысы көбейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің тапсырмам бойынша, алдағы 4 жылда педагогтардың еңбекақысы 2 есе ұлғайтылады. Тиісінше, білім беру сапасы да жоғары болуы тиіс. Қашықтан оқыту жүйесін дамытуымыз қажет. Білім беру саласын жаңғыртқанда оқыту бағдарламалары да жаңаруы керек. IT салаға басымдық беру – уақыт талабы.

Педагог мамандығына қабылданатындарға қойылар талап та біртіндеп күшейе бермек. Жастардың мұғалімдік оқуға түсуі үшін – осы мамандықта білім алып жүрген студенттердің стипендиясы 26 мыңнан 42 мың теңгег дейін көбейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жалпы, педагогтарды арнайы арнайы жоғары оқу орындары даярлауы керек. Бұл жөнінде білім және ғылым министрлігі тиісті шешім қабылдайды. Университеттер футболдағы сияқты бірнеше лигаға бөлінуі керек деген ұсынысты қолдаймын. Осылайша, жоғары оқу орындарының арасында өзара бәсекелестік артады.

Балабақша, мектеп, колледж басшыларын тағайындау да ашық болуы міндетті. Алдағы уақытта Үкімет директорларды тағайындаудың жаңа жүйесін енгізуі тиіс.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі: 

– Балабақша, мектеп, колледж директорлары мен олардың орынбасарлары аттестациядакн өтеді. Соның нәтижесі бойынша олардың жалақасына қосымша ақы қосылады. Бүгінде мойындау керек, басшылықтағы кадрлар тапшы. Себебі мектеп директоры немесе директордың орынбасары мұғалімнен қарағанда аз ақша алады. Ал, жұмыс жүктемесі бірдей. Енді білім саласы корпоративтік басқару жүйесіне өтеді.

Мектепке дейінгі білім беруді дамыту да өзекті. Алдағы уақытта 3 пен 6  жас аралығындағы балдырғандарды балабақшамен 100 процент қамтылуы тиіс. Бірақ бізде балаларды ерте дамыту жүйесі халықаралық стандартқа сай емес. Мектепке дейінгі дамытудың толыққанды моделі де жоқ. Мұны Үкімет жыл соңын дейін әзірлейтін болады. Ал «Жас маман» жобасы бойынша елдегі 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Алдағы 10-15 жылға көз тастап, сол кездегі еңбек нарығына қажет болатын кадрларды даярлау қажет. Әскерде борышын өтеп жүргенде де азаматтар өмірге қажетті кәсіби мамандықты игеріп шығуы керек. Білім және ғылым министрлігі, қорғаныс министрлігі осы мәселені қарауы тиіс. Хош. Қоғамда айта-айта жауыр болған мәселе бар. Оқулықтағы олқылық деген. Мұны да бүгін Президент айта кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Кітаптың сапасы білімге тікелей әсер етері сөзсіз. Бұл –аксиома. Кітаптардың сапасы тым нашар. Енді осы оқулықты әзірлейтіндердің жауапкершілігін заң жүзінде бекітуді міндеттеймін. Егер кітаптан қате табылып, ол қоғамда талқыланып жатса, соны дайындағандар жауапкершілікке тартылсын. Басқаша болмайды.

Жоғары айтқанымыздай, тек мектеп мұғалімдерінің емес, жоғары оқу орнындағы педагогтардың да жалақасы өседі. Кітаптардың сапасын сынап алған соң Мемлекет басшысы Үкіметке осыны міндеттеді. Әйтпесе, біздің елдегі кей университетте сабақ беретін азаматтардың еңбекақысы мектептегі ұстаздың айлығынан төмен. Бұл қалай реттеледі? Президент шешімін көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мұны мемлекеттік гранттардың құнын арттыру арқылы жүзеге асыруға болады. Дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударған жөн. Мұның бірнеше себебі бар. Соның бірі – жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігі. Әрине, бұл қосымша инвестицияны талап етеді. Осыған орай біз білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны үш есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып,  университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ.  

Еліміздің он жоғары оқу орны әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керек. Жоғары білім беру сапасының негізгі көрсеткішінің бірі – осы. Бұл межеге 2025 жылы жетуіміз қажет. Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік тіл. Қазақ тілінің мәртебесін барынша көтермек керек. Сондықтан...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сондықтан Тіл комитетін екі мың жиырма бірінші жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген жөн. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді.  Сондай-ақ, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді.

Адами капиталды дамытуда бірінші білім жүйесі талқыланған соң Президент денсаулық сақтау саласына тоқталды. Президент түрлі сала мамандарының ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алады деді. Сондықтан Үкіметке биылдан бастап ақ халатылардың еңбекақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуға пәрмен берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке екі мың жиырма үшінші жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық.

2010 жылдан бері елде денсаулық сақтау саласы мен экстенсивті тиімділіктің кейбір бағыттарын оңтайландыруға баса мән беріліп келеді. Нәтижесінде 1000-ға жуық жұқпалы ауруларға арналған орын қысқарды. Тағы бір жаңалық. Алдағы 5 жылда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері медициналық техникамен 100 процент қамтамасыз етіледі. Жаңа ауруханалар салынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жұмыспен қамту жол картасының аясында биылдың өзінде жиырма төрт жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша жиырма ірі клиника салынады. Құрылыс мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырылады. Үкімет пен әкімдер бұл тапсырманы мүлтіксіз орындауға тиіс. Бүкіл әлемде пандемия қайта өршіп кетуі де мүмкін. Сол үшін жұқпалы ауруларды емдейтін клиникалардың барлығын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз керек.

Пандемия кезінде өңірлердің жылдам әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайтыны байқалды. Денсаулық сақтау саласына қатысты көптеген мәселе орталықтың тікелей араласуымен шешілді. Сондықтан төтенше жағдай кезіндегі басқару ісін нақты құрылымға сай бір орталықтан жүргізілді. Елдегі азаматтарды дәрі-дәрмек, медициналық жабдықпен қамтамасыз ету ісінде олқылықтар байқалды. Жасырын емес. Біз импортқа тым тәуелдіміз. Шет елден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі 88 процентке жуық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сондықтан Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет. Мұнда зерттеу жүргізуден бастап, өнеркәсіптік деңгейге дейінгі үдерістер қамтылуға тиіс. Фармацевтика саласындағы саясат ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, озық технологияны тартуға және импортты алмастыруға бағытталғаны жөн.

Фармацевтика және медицина өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру міндеті Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Бұл ретте, саланы дамыту және халықты тиімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тепе-теңдігі бұзылмауы керек.

Осыған орай Үкімет отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытудың жоспарын жасайды. Жоғары аталғанның бәрі мінсіз орындалса, адами капиталдың сапасы артары анық. Жиыны екі сағатқа созылған Ұлттық сенім кеңесінің отырысын Президент осылай түйіндеді.

Авторы: Қорған Төреқожа, ПТРК

Хабар 24 телеарнасы