420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысы БҰҰ форумында сөз сөйледі

  • 424
  • UPD: 00:11, 29.05.2020
Мемлекет басшысы БҰҰ форумында сөз сөйледі Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «COVID-19 тұсында және одан кейінгі кезеңде дамуды қаржыландыру» атты жоғары деңгейдегі форумға қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онлайн конференция форматындағы жиынды ұйымдастырған – Біріккен ұлттар ұйымы. Мемлекет басшысы қазір Қазақстан төрағалық ететін «Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының» атынан сөз сөйледі.

Форумның деңгейі жоғары. Алқалы жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ, Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш, өзге де мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Өз кезегінде біздің Президент мұндай жиынды өткізу уақыт талабы болғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жоғары деңгейдегі мұндай диалогты ұйымдастыру дер кезінде қабылданған шешім. Пандемия барлық елдің дамуын тежеп тастады. Әсіресе, жаһандық індеттің зардабын теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобы қатты сезініп жатыр. 2030 жылға дейінгі күн тәртібінің орындалуы үшін бірде-бір мемлекеттің артта қалмауы мақсатында халықаралық қоғамдастық бірігуде. Біздің топ БҰҰ мен оның серіктестері күрделі кезеңде қабылдап жатқан шараларды қолдайтынын жеткізгім келеді.

Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев қиын шақта жұмылудан басқа жол жоқ екенін айтты. Бірігіп әрекет еткенде ғана жаһандық дағдарысты еңсермекпіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының атынан келесі салаларда өзара үйлесімді әрекет етуге шақырамын. Ең бірінші несие қарызын ескеруіміз керек. Халықаралық деңгейде берешегі бар елдердің қарызын өтеуге мораторий жариялау маңызды. Халықаралық қаржы ұйымы дамушы елдердің денсаулық сақтау саласына қосымша қаражат бағыттауды ұсынуы қажет. Әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз еткеніміз жөн. Ауылшаруашылық секторына мән беру керек. Жаһандағы кей елдердің азаматтарын ауыз сумен қамту да күн тәртібіндегі мәселе болуы тиіс. Жасыл технологияларға қолжетімділікті арттыру қажет. Жекелеген инвесторлар әлемде цифрландыру теңдігін қалыптастырып, интернеті жоқ елдерді ғаламторға қосуға ынта білдіргені ләзім. Осы бағытта инвестиция салу маңызды. Халықаралық сауда қатынасын жандандыру да өзекті.

Әлемді қос бүйірден қысқан пандемия кезінде әр ел өзінше қарекет қылып, қам жасауда. Біздің елде де вирустың кең таралмауы үшін дер кезінде шаралар қабылданды. Табысы азайған азаматтарға, бизнеске қолдау жасалды. Тек өзімізге емес, өзге елдерге де жәрдем бердік. Мұны форум кезінде Президент те атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан жаһандық гуманитарлық көмек көрсету ісіне қаржы бағыттады. Вируспен күресіп жатқан кей елдерге гуманитарлық көмек жібердік. Біздің ел алдағы уақытта жаһандағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қоса алады.

Әлемде мұндай қиын шақ соңғы жетпіс бес жылдың бедерінде болмаған. Яғни, екінші жаһандық соғыстан соң жиһан жұрты мұндай дағдарысты көрмеп еді. Мұны Германия канцлері Ангела Меркель айтты.

Ангела Меркель Германия канцлері:

- Бұл дағдарысты тек жұмыла әрекет ету арқасында ғана еңсере аламыз. Бүгінгі кездесу қорытындысы бойынша осы ынтымақтаса әрекет етудің нақты шешімдері қабылданады деген үміттеміз. Коронавирустан жапа шеккен елдердің экономикасын қолдау үшін ауқымды шаралар қажет. Мәселен, жекеменшік кредиторларды тарту керек. Бұл дағдарысты еңсеру үшін бізге Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Дүниежүзілік банк және БҰҰ-ның көмегі қажет болуы мүмкін.

Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш алдағы уақытта алты салада тиісті шаралар қабылдау керектігін айтты.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Бірінші қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етпек керек. Дамушы елдердің қарызын шешуге жәрдемтеспек ләзім. Бұл екі. Жұмыс орындарын ашуға қаржы қою уақыт талабы. Тұрақты дамуды қалыптастыратын саясат әзірлеу қажет.

Атап өтейік, мұндай деңгейдегі форумды өткізуге осы БҰҰ мұрындық болды. Бүгін айтылған ұсыныстар алдағы уақытта өзінің нәтижесін беруі тиіс. Ол үшін үйлесімді әрекет керек. тараптар осыны айтты.

Авторы: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы