431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы жарылыс, Қордайдағы қақтығыс, Мақтааралдағы су тасқыны: бүгінгі тыныс-тіршілік қалай?

  • 384
  • UPD: 14:04, 09.06.2020

Соңғы бір жыл ел үшін де, Президент үшін де оңайға соқпады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арыста оқ-дәрі қоймасы жарылды. Қордайда қақтығыс болып, Мақтааралды су басты. Арада біраз уақыт өтті. Біз атаған өңірлердің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Жанданды ма? Президент тапсырмалары қай деңгейде орындалып жатыр?

Маусымның 24-і. Сағат таңғы тоғыз жарымның шамасы. Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. 4 адам қаза тапты. Облыста төтенше жағдай жарияланды. Қала тұрғындары шұғыл Шымкент пен көршілес аудандарға көшірілді. Бұл оқиға дүйім елді елең еткізді.

Аймаққа лезде Мемлекет басшысы жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен жүздесті. Тілдесті. Өтініш-тілегін тыңдады. Жағдаймен жіті танысқан соң жұрттың қираған үйлері мен шарушылық нысандарын жөндеп береміз деді.

Арада бір жылға жуық уақыт өтті. Уәде орындалды. Президент шешімімен жарылыстан зардап шеккен арыстық 62 жарым мыңнан аса тұрғынға жалпы құны 6 миллиард 257 миллион теңге көлемінде көмек қаржы берілді. Зақымданған 7600-ден аса үй жөнделді. Жарамсыз деп танылған 480 баспананың тұрғындарына жаңадан үй салынды. Бір жылда қала қалыпқа келтірілді.

Бақыт Құрманбаев, ҚР қорғаныс министрінің орынбасары:

– Арыс қаласынан бір жыл ішінде шамамен 380 мың оқ-дәрі шығарылды. Оның 300 мыңға жуығы жарылу қаупі бар оқ-дәрі. Бұл мақсатта көліктермен 5 мыңнан аса рейс орындалды. Тексеріс жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр.

Ақпанның 7-і. Жамбыл облысының Қордай ауданына қарасты Масаншы, Сортөбе, Қарасу елдімекендерінде жергілікті тұрғындар арасында қақтығыс болды. Бұл кикілжіңде 11 адам қаза тапты. Үйлер, бизнес нысандары мен көліктер өртенді.

Бұл аймаққа да Президент өзі барды. Мұндай жағдайға енді жол бермеу керектігін қадап айтты.

Қақтығыстың кесірінен 65 нысанға шығын келген. Бүгінде 54-і қалпына келтіріле бастады. Оның 41-і тұрғын үй, 13-і бизнес нысан. Облыс әкімінің орынбасары бұл жұмыстар Президент тапсырмасына сәйкес осы жазда бітеді деді. 

Зардап шеккен 39 отбасыға мемлекет тарапынан жалпы құны 45 миллион теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы берілді. Президенттің өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне қатысты берген тапсырмасы да қазір жолға қойылған.

Ержан Жылқыбаев, облыс әкімінің орынбасары:

– Осы Қордай ауданында Дүнген ұлтының азаматтарын, балаларды тіл меңгеруін жетілдіру үшін біз қосымша курстар аштық. Бүгінгі таңда жылдың соңына дейін 1 жарым мың азаматты 5 курс ашып, қазақ тілін үйретіп жатырмыз.

Мамырдың бірі. Өзбекстанда Сардоба су қоймасы бұзылды. Бұл оқиға да қос елді дүрліктірді. Өзбекстанмен іргелес жатқан Түркістанның Мақтаарал ауданына қарасты 5 елді мекенді топан су басты. 860-тан аса шаңырақ зардап шекті. Бұл кезде де абдыраған ағайын мемлекет назарынан тыс қалған жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жалпы қираған үйлердің орнына күзге дейін жаңа тұрғын үйлер тұрғызылады. Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді. Мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі. Оларға көмек береміз міндетті түрде.

Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Халық қара күзге дейін жаңа үйге кіреді. Бірде бір адам көмексіз қалмайды. Бұл Президент сөзі.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Руслан Бақытбекұлы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы