423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы бір жылда оннан аса мемлекетке сапар шекті

  • 397
  • UPD: 22:12, 09.06.2020

Экономикалық ахуалды жақсартудың бір жолы – сырттан инвестиция тарту.

Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10-нан аса мемлекетке сапар шекті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның бәрінде шетелдің іскер топ өкілдерін Қазақстанға келіп, кәсібін жүргізуге үгіттеді. Тек үгіттеп қойған жоқ, нақты келісімдерге қол жеткізді.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Дамыған елдермен тығыз байланыста болу маңызды. Жаңа технология келеді, инвестиция тартылады. Бір жылда Президент оннан аса мемлекетке барды. Мұхит асып, АҚШ Президентімен кездесті. Біріккен ұлттар ұйымының мінберінен сөз сөйледі. Таяу Шығыстағы текетіркесті тоқатуға қатысты ілкімді ойларымен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мамыр айында Қазақстанда халықаралық ұйымдардың жаңа ғимараты ашылды. Онда БҰҰ-ның 16 агенттігі бар. Келесі қадам ретінде біз Орталық Азия мен Ауғанстанға көмек беру мандатымен БҰҰ тұрақты даму орталығын осы ғимаратқа орнастыруды ұсынамын.

Президент осы елге сапары кезінде қалтасы қалың кәсіпкерлермен де кездесті. Ондағы инвесторлар Қазақстанда тың өндіріс орнын ашуға ниетті. Жоба сәтті жүзеге асса, елімізде Орталық Азиядағы ең ірі ет өңдеу комбинаты іске қосылады. Осы ретте озық технология әзірлеумен айналысатын америкалық компания біздегі жас өнертапқыштарды қолдауға құлшыныс танытып отыр.

Саид Амиди, Plugn Play компаниясының бас атқарушы директоры:

- Біз Қазақстанға бірқатар стартаптарды апарғымыз келеді. Ондағы жаңа жоба авторларын да Америка Құрама Штаттарында 3 немесе 6 айлық арнайы оқытудан өткіземіз. Яғни, әлемдік деңгейге шығуға мүмкіндік зор. Грант ретінде 3 млн долларға жуық қаржы бөлеміз.

Осы күнге дейін АҚШ инвесторлары Қазақстанға 45 млрд доллардан аса қаржы құйған. Елде 500-ден астам америкалық компания жұмыс істейді. Президенттің былтырғы сапары арадағы алыс-берісті арттыруға септігін тигізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кәрі құрлықтағы бірнеше мемлекетке барды. Германия канцлерімен кездесті. Кейінгі жылдары екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі біршама азайып қалған. Соны көбейту – басты міндет болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде осындай үрдіс пайда болды. Өкінішке орай. Сондықтан менің сапарымда басты міндет – Германиядан көбірек инвестиция тарту. Неғұрлым Германиядан көбірек инвестициялар келсе, біздің экономикамызға, соғұрлым жақсы болар еді. Сондықтан бұл мәселелер бойынша келіссөздер барысында мен канцлерге бірнеше нақты ұсыныстар бердім.

Қазақстан және Германия арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 28 жыл толды. Осы уақытта өзара сауда-саттық қарқынды дамып, қос ел бірлесіп көптеген инвестициялық жобаларды жүзеге асырып отыр. Германия Қазақстан экономикасына 8,5 миллиард доллар мөлшерінде инвестиция құйған. Осы инвестициялардың 90%-і шикізатқа қатысы жоқ салаларға салынған.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

Ресей мен Қытай Қазақстанның ірі көршілері. Біз Орталық Азияны серіктес аймақ ретінде қарастырамыз. Сондықтан бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Оның үстіне Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» саясатына белсенді қатысып жатыр.

Президент былтыр іргедегі Қытай елінің төрағасымен кездесті. Ресей Президентімен де жолықты. Бауырлас елдерге барып үлгерді. Біздің ел кез келген мемлекетпен достық қарым-қатынас орнатуға мүдделі. Президенттің өзге елдерге сапарлары бір ғана мақсатты көздейді. Ол – Қазақстанға инвестиция тарту, жаңа технология жеткізу.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы