420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

А.Мамин жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды

  • 324
  • UPD: 23:14, 15.06.2020

5 айда Жамбыл облысының экономикасы тұрақты өсім көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол»,  «Қарапайым заттар экономикасы», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және басқа да бағдарламалар белсенді түрде жүзеге асып келеді. Премьер-министр Асқар Мамин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Биыл Жамбыл облысында 550 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі, 34 сумен жабдықтау нысанын іске қосу жоспарланған. Жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша 23 жоба қолға алынды. Оның ішінде Тараз қаласынан Қырғызстан шекарасына дейінгі оңтүстік айналма жолын салу жоспарда тұр.

Аманбай Әлібек, Тараз қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

– Экономиканың барлық саласында оң қарқын байқалады.  Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғада ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы 2,9%, негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,6%, құрылыс көлемі 8,7% өсті. 2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 114 жоба мақұлданды.

Әлия Бекмолдаева, Super-pharm жшс өкілі:

– Зауыт медициналық бұйымдар шығарады.  Бұл бетперде, халат және хирургия, гиникологияда қолданылатын құралдар. Сонымен қатар, жайлықтар мен бахилалар шығарады. Жылына зауыт 28 миллион өнім өндіреді.

Президент тапсырмасымен аймақта кооперациялық тізбекті дамыту жөніндегі «Алаңнан сөреге дейін» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын қысқартып, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуды қамтамасыз етуге 50 сауда орны, 45 шаруа қожалығы мен 10 кооператив қатысады.

Сапар барысында премьер-министр онкологиялық орталық құрылысын бақылап қайтты. Медициналық мекеме қатерлі ісікті емдеуге арналған соңғы технологиялармен жабдықталады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы Қырғызстанмен шекарадағы «Қордай» шекара өткелін жаңғырту жолаушылар ағынын 4 есе, ал автокөлік өткізу қабілетін 2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Қырғызстанмен шекарадағы барлық 8 бекетті кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр.

 

 

Хабар 24 телеарнасы