417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Парламент бесінші сессияда 161 заң жобасын қарап, 98 құжат қабылдады

  • 170
  • UPD: 22:45, 30.06.2020

86 заңға Президент қол қойып, өз күшіне енді, деп хабарлайды «Хабар 24.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сессиядағы жұмысы қорытындыланды. Әлемді шарпыған індет кезінде қабылданған Денсаулық кодексінің өзі қаншама өзгертіліп, түзетілді. Елімізде ашықтықты ту еткен бейбіт шерулер туралы құжат, Елбасы бастамасымен әзірленген «Педагог мәртебесі» жайлы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Саяси партиялар туралы» өзге де маңызды заңдар қабылданды.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Бұл жолғы маусымда парламентарийлердің көтерген жүгі ауыр. Ел үшін оңай емес шақта шұғыл шаралар заңнамалық тұрғыда қамтылды. Бұл сессияда әлеуметтің әлін де, халін де жақсартуы тиіс.

Парламент депутаттары бастамашылық еткен заң жобалары көп болды, ұзын саны 35 құжат әзірленді. Парламент қабырғасында 13 үкіметтік сағат, 5 тыңдау, 27 көшпелі отырыс өтті. Мәжіліс 204-і депутаттық сауал жолдаған болса, 104-і сенатқа тиесілі.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Әлеуметтік экономикалық салаға арналған жобалар, әрине, бұл жерде өзіміздің экономикамызды дамыту, индустрияландыру, халықты жұмыспен қамту шағын және орта бизнеске қолдау көрсету сияқты мақсаттарға бірнеше маңызды заңдар қабылданды.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Халықтың көп көтерген мәселесіне байланысты елді мекендерді жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін заң жобасы қабылданды. Өңірлерді дамытуға байланысты ауылдық елді мекендерді, қалаларды ауыз сумен қамтамасыз етуге, жолдарды жөндеуге тұрғын үй салуға байланысты мәселелер шешімін тапты.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия басында Елбасының стратегиялық басымдықтары мен Президенттің тапсырмаларын жүйелі орындау үшін депутаттардың Үкіметпен, азаматтық қоғаммен ықпалдаса отырып әрекет етуін айтқан болатын. Мемлекет ел тұрмысын жақсарту қамымен бюджеттің 46%-ін әлеуметтік салаға бағыттап отыр.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекеттік бюджеттің тиімді болуы тек ғана бөлінген және игерілген қаражатқа байланысты емес. Ол қаржының барлығы нақты экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешіп, халқымыздың өмір сапасын арттыруға ықпал ету керек. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да алға қойған негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан бюджеттің әрбір тиыны қайда және қандай мақсатқа жұмсалғаны алдағы уақытта да депутаттық корпустың бақылауында болады.

Парламентарийлер «тәж тажалы» келген нағыз қысылтаяң шақта Денсаулық кодексін де мақұлдап, қабылдады. Парламентте 8 ай талқыланып, 717 өзгеріс енгізілді. Оған қоғамның әр өкілі үн қосты. Қалың бұқара көтеріп жүрген екпе тек ата-ананың ықтиярымен ғана жасалады.

Серік Бектұрғанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Кодексті талқылау кезінде міндетті екпеден бас тарту мүмкіндігіне күмән келтірген пікірлер айтылғандықтан, ата-аналардың еркін, саналы шешім қабылдау құқығын бекіту жөн деп санаймыз.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Вакцина сапасына қатаң бақылау жүргізу нормалары енгізілді. Кез келген уақытта тексеруге мүмкіншілік беріліп, тексерудің арнайы тізіміне енгізілді.

Президент тапсырмасымен дәрігерлік қателік үшін жазалау қайта қаралды. Парламент биыл бейбір шерулер туралы құжатты да қабылдады. Әуелде «митинг қатысушыларының 250 адамнан аспауы керек» деген норма болды. Президент олардың санын шектемеуді айтты. Тапсырма орындалды.

Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Енді бейбіт жиын өткізушілер бұрынғыдай әкімдіктен рұқсат алуы қажет емес. Ескертеді де белгіленген күні, белгіленген уақытта бара береді.

Владимир Волков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жаңа құжат түрлі орган өкілдері, сарапшылар, депутаттар, қоғамның талқылауынан өтіп қабылданды.

Президент парламенттік оппозицияның ауадай қажеттігін де айтты. Депутаттар бастамашылық етіп, «Парламент пен оның депутаттарының мәртебесі жөніндегі» заң жобасын да сүзгіден өткізді. Бұл сессияда Жеңістің 75 жылдығына орай Парламент депутаттары қабылдаған заңға Президент Отан қорғаушылар күнінде қол қойды. Соғыс ардагерлерінен бөлек, өзге ел аумағында шайқасқандар үшін әлеуметтік көмек арттырылмақ.

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ардагерлер санатына енген азаматтарымыз үшін бұл жерде кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылып отыр ғой. Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы уақытта кезең-кезеңімен ол іс шаралардың барлығы нақты өзінің жүйесін табатынын айтып өтті.

Жыл жаңалығына татитын оқиғалардың бірі – жыл басында Президент «Педагог мәртебесі» туралы заңға қол қойды. Парламент депутаттары құжатты Елбасының тапсырмасымен әзірледі. Оған сай ұстаздардың жалақысы кезең-кезеңімен өсіріліп, көп жеңілдік қарастырылмақ.

Мақсат Жақау, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы:

- Биылғы қос палата Парламентінің ерен үлкен еңбегіне байланысты қоғаммен бірігіп жұмыс істеу осы заңнаманың процесінде көрінді, мұғалімдер өз ұсыныс тілектерін көрсетті, атқарушы билік ашықтығын көрсетті. Парламенттің биылғы сессиядағы жұмысы үлкен нәтижелі болды деп ескеруіміз керек.

Сөйтіп, бұл сессияда барлығы Парламентте 161 заң жобасы қаралды. Қос палатаның бірлескен 3 жиыны өтті, Мәжілісте өткен 41 пленарлық отырыста 300-ге жуық мәселе қаралды. Сенатта өткен 25 жалпы отырыста 165 сұрақ талқыланды.

Авторы: Индира Жылқайдарова

Хабар 24 телеарнасы