430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Конституцияға 25 жыл: Елбасының еңбегі туралы кітап жарыққа шықты

  • 596
  • UPD: 14:26, 01.07.2020

Астанада «Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысындағы ролі: Елбасы тәжірибесі» атты жаңа кітап таныстырылды.

Туынды Ата Заңның 25 жылдығын өткізу жөніндегі ұлттық жоспар аясында жарық көрді. Онда Тұңғыш Президенттің негізгі құжатты дайындау мен іске асырудағы ролі баяндалады. Шарада Конституциялық Кеңес төрағасы 1995 жылы жаңа Конституцияны әзірлеу туралы шешім Елбасының батыл әрі нық қадамдарының бірі болғанын атап өтті.

«Себебі жалпыұлттық референдумда Конституцияның мақұлдануы оған жоғары легитимділік берді. Елбасы стратегиясы қазақстандықтардың ерік-жігерімен үндестік тапты», - деді Қайрат Мәми.

Онлайн таныстыруға қазақстандық және халықаралық сарапшылар да қатысып, ширек ғасыр ішінде Ата Заңға енгізілген негізгі өзгерістерге тоқталды. 

Георгий Папуашвили, Еуропа кеңесі венециялық комиссиясының мүшесі, Грузия конституциялық сотының экс-төрағасы:

- 2017 жылы Венециялық комиссияның құрамында Қазақстан конституциясына енгізілген өзгерістерді оң бағаладық. Себебі билік тармақтарындағы өкілеттіктерді бөлетін уақыт жеткен еді. Елдегі Парламенттің ролін күшейту туралы шешім өте орынды болды. Бұған қоса Прокуратураның қызметі біршама өзгерді. Кеңес заманындағы жалпы қадағалау тәжірибесі артта қалды. Тағы бір маңызды бағыт - сот жүйесінің тәуелсіздігі артты. 

Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов та еліміздегі конституциялық құрылыстың жаңа тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тығыз байланысты екенін атап өтті. Айта кетейік, кітап 1 жыл бойы дайындалып, 500 данамен жарыққа шықты. Жаңа еңбек елдегі кітапханаларға таратылады. 

Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы:

- Тұңғыш Президенттің ел басқарған жылдардағы негізгі мақсаттарының бірі Қазақстанды демократиялық әрі құқықтық мемлекет ретінде қалыптастыру болды. Ол Ата Заңның жүзеге асуын жіті назарда ұстады. Қажет болған жағдайда, өзгерістер енгізуге бастамашылық етіп отырды. Сондықтан ширек ғасыр ішінде Конституция тиімділігін көрсетті. Елдің негізгі құндылықтарына сай келетінін дәлелдеді.

Хабар 24 телеарнасы