424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қ.Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

  • 452
  • UPD: 18:12, 01.07.2020

Бүгін Ақордада бірқатар мемлекеттің жаңадан тағайындалған елшілері Президентке сенім грамоталарын тапсырды.

Олардың қатарында, Бразилия Федеративтік Республикасының елшісі Рубем Антонио Корреа Барбоза, Оман Сұлтанатының елшісі Мұхаммед бен Абдулла бен Салих Әл-Бахрани және Корея Республикасының елшісі Ку Хонг Сок бар. Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарды Қазақстандағы миссияларының басталуымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздердің елдеріңізбен арадағы қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің мемлекеттеріңіздің басшыларына сәлем жолдаймын. Елдеріміз арасындағы өзара ықпалдастықтың одан әрі дамуына үлес қосасыздар деп сенемін. Сіздер бүкіл әлем пандемиядан зардап шегіп жатқан қиын-қыстау уақытта біздің елімізге келдіңіздер. Қазақстан бұл қауіпті дертті жеңу үшін дер кезінде шешім қабылдап жатыр. Бұл оңай жұмыс емес. Бірақ біз халықаралық ынтымақтастыққа арқа сүйейміз, БҰҰ-ның іс-әрекеттерін қолдаймыз. Сонымен қатар әлемдегі барлық ел күш біріктіре отырып, аталған дертті жеңеді деп үміттенеміз.

Өз кезегінде жаңадан тағайындалған елшілер Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға күш салатынын жеткізді.

Рубем Антонио Корреа Барбоза Қазақстандағы Бразилия федеративтік республикасының төтенше және өкілетті елшісі:

– Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескеніме қуаныштымын. Қазақстанда өз елімнің дипломатиялық жұмыстарын басқару – зор мәртебе. Елдеріміз арасындағы байланысты нығайтуға күш салатын боламын.

Ку Хонг-Сок Қазақстандағы Корея республикасының төтенше және өкілетті елшісі:

– Қазақстан Президентінің Оңтүстік Кореяға биылғы сапары пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Бірақ жыл соңына дейін осы сапар орындалады деген үміттеміз. Себебі сол арқылы екі елдің ынтымақтастығы жоғары деңгейде дамитын болады. Қазақстанда елші қызметін атқаратыныма қуаныштымын. Бұл елде кореялықтарға деген көзқарас жақсы. Екі елдің ынтымақтастығына қолайлы ахуал қалыптасқан. Бұған Қазақстанда тұрып жатқан этникалық корейлер де оң ықпал етуде.

Хабар 24 телеарнасы