418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маған халық алдында ұпай жинаудың қажеті жоқ – Қ.Тоқаев

  • 190
  • UPD: 18:33, 10.07.2020

«Қазір мемлекет алдында тұрған жаңа міндеттерді орындау үшін сапалы кадрлар қажет. Олар білімді, батыл шешім қабылдауға бейім, адал әрі іскер болулары шарт». Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осылай деп, жауаптыларға өз мүмкіндіктерін әділ бағалауға шақырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында Президент бұл жолғы дағдарыстың халық тарапынан жергілікті билікке сенімсіздікті аңғартқанын атап өтті. «Сондықтан мемлекеттік басқару тәсілін өзгерту қажет. Әсіресе, идеологиялық аппаратқа түбегейлі өзгеріс керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар дамыған мемлекеттердегідей Үкімет мүшелері мен әкімдер өз міндеттерін орындай алмаса, қызметтен өз еркімен кетулері тиіс екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Дағдарыс біздің қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті көрсетті. Ел азаматтарының жергілікті атқарушы биліктегілерге сенімсіздігін танытты. Мемлекеттік аппарат пен біздің басқару жүйеміз уақыт талабынан қалыс келеді. Идеологиялық аппаратқа да білім, креативтілік, сенімділік жетіспейді. Мемлекеттік басқаруға қайта құру қажет. Осы жұмыс саяси реформаның бір бөлігіне айналады. Онсыз әлеуметтік-экономикалық дамуға нақты ықпал ете алмаймыз. Бұл туралы Жолдауымда тарқатып айтатын боламын. Қазір жаңа сапалы міндеттерді орындау үшін кадр таңдау меселесі өзекті болып отыр. Басқаша айтқанда, біздің жаңа бағыт жаңа орындаушыларды қажет етеді. Олар шешім қабылдауға бейім, білімді, адал, іскер болулары шарт. Енді осы команда аталған талаптарға сәйкес келе ме? Менің ойымша, Үкімет мүшелері мен әкімдер өз мүмкіндіктерін әділ бағалауы тиіс. Сөйтіп, мемлекет пайдасына шешім қабылдаулары керек. Бірақ бізде өзін-өзі бағалау жағы ақсап тұрғаны жасырын емес.

Үкімет отырысы басталмас бұрын Президентке тұтас Үкіметті отставкаға жіберу жөнінде ұсыныс айтылған. Алайда Мемлекет басшысы мұндай қадамға бармады. «Себебі сол арқылы маған халық алдында ұпай жинаудың қажеті жоқ. Мен өз қызметіне жауапты тұлғаларды тыңдауға әрі кеңестеріне құлақ асуға дайынмын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Осы отырысқа дайындық кезінде маған кей өңір басшылары мен ведомство жетекшілерін, тіпті бүкіл Үкіметті отставкаға жіберу жөніндегі кеңес берілді. Қоғамға бұл жақсы әсер етеді, өзіңізге ұпай жинайсыз деген желеумен. Анығында маған ұпайдың қажеті жоқ. Мен жауапты адамдарды тыңдауға және оларға құлақ асуға дайынмын. Жасандылықты мүлде қажет етпеймін. Ондай жағдайда немесе жаста емеспін. Кей әкімдерге сөгіс беріліп, ескерту жасалды. Негізінде мұндай қатаң шараны басқа да жауаптыларға беруге болатын еді.

Хабар 24 телеарнасы