428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан Президентімен телефон арқылы сөйлесті

  • 257
  • UPD: 18:03, 05.08.2020
Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан Президентімен телефон арқылы сөйлесті

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейруттегі жарылыс кезінде қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Бұл туралы Президент өзінің twitter парақшасында жазды.

«Бүгін Ливан Президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесіп, Бейрут портындағы жарылыс кезінде қаза болған адамдардың отбасына көңіл айтып, зардап шеккендердің сауығып кетуіне тілектестік білдірдім.

ҚР азаматтарының (200-ге жуық), оның ішінде қазақ дипломаттарының және БҰҰ-ның бітімгершілік күштері құрамында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы өтініш білдірдім.

Ливан Президенті осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргеніміз үшін алғыс айтып, Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді», - деп жазды Президент.

Бейруттегі теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болып, 100-ден астам адам қаза тауып, 4 мыңнан астам адам зардап шеккен. Жарылыстың жойқан болғаны соншалық, жақын маңда орналасқан үйлерде, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттарда терезелері сынған. Желіде жарылыстың видеосы тараған болатын. 

Бейрут портындағы жарылыстың себебі – дұрыс сақталмаған аммиак селитрасы. Оның алдында теңіз портында пиротехникасы бар кеме жарылған болуы мүмкін деген хабар тараған.

Жарылыс салдарынан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келгенін хабарлағанбыз. Осы оқиғаға қатысты ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді түсініктеме берді.

Бейрутте екі апталық төтенше жағдай енгізілді.

Ливанда 5 тамыз ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Хабар 24 телеарнасы