420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бауыржан Байбек Nur Otan Жақтастарының лигасымен кездесті

  • 143
  • UPD: 14:32, 20.08.2020
Бауыржан Байбек Nur Otan Жақтастарының лигасымен кездесті

Бауыржан Байбек отандық бірқатар саясаттанушылар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері және басқа да белсенді қазақстандықтар құрған Nur Otan партиясы Жақтастарының лигасымен кездесті.

Кездесу барысында тәуелсіз бірлестіктердің, оның ішінде өңірлерден келген 50-ден астам өкілі өз сұрақтарын қойып, Nur Otan партиясының праймеризін ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

ҰҚСК-нің мүшесі, Еуразиялық интеграция институтының басшысы Ерлан Саировтың айтуынша, бүгінде бүкіл әлемде адамдардың түрлі саяси институттарға деген сенімі төмендеп кеткен. Nur Otan жаңа және белсенді адамдарға арналған партиялық «әлеуметтік лифттің» нақты тетігін іске қосу арқылы өзінің халықтық партия екенін көрсетіп отыр.

«Nur Otan праймеризі – бұл жалпы елдің саяси жүйесін өзгертудегі маңызды қадам екеніне сенімді болғандықтан да, біз бірігуді жөн көрдік. Партияның Жақтастар лигасы праймериздің ашық және адал өткізілуіне қоғамдық бақылау жасайды. Бүкіл ел оң өзгерістерге мүдделі», – деді ол.

Өз кезегінде Бауыржан Байбек праймериз Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының негізгі кезеңдерінің бірі және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мелекет» тұжырымдамасының нақты іске асырылуы екенін еске салды.

«Біз партияға праймериз арқылы түйткілді мәселелерді ашық айтып, оны шешу жолдарын ұсына алатын қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді, адал және көпшіл адамдардың келгенін қалаймыз. Әрбір орын үшін бәсекелі күрес күтіп тұр. Сондықтан кандидаттар өңірді, ауданды, ауылды дамыту туралы көзқарасын ұсынып, өзіне дауыс беруге сендіруі қажет. «Праймериз» ақпараттық жүйесі онлайн режимінде үгіт-насихат жүргізуге және дауыс беруге мүмкіндік береді. Адамдар бір рет қана басу арқылы саяси процеске қатыса алады», – деп атап өтті партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Қарағандыдан келген қоғам қайраткері Әлия Садырбаева Nur Otan праймеризі бұған дейін оған күмәнмен қараған белсенді азаматтарды партия қатарына тартуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Менің қызметім қоғамдық жұмыспен, түрлі санаттағы адамдарға көмек көрсетумен байланысты. 2016 жылы адамдардың түйіткілді мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік береді деген үмітпен партия қатарына қосылдым. Бірақ формализмді, сырғыта салуды, нәтижесі жоқ іс-шараларды көргеннен кейін мен партия қатарынан шығуға шешім қабылдадым. Бірақ қазір «Nur Otan» шынымен өзгеріп жатқанын көріп отырмын. Әйелдер мен жастар үшін жағдай жасалуда. Сондықтан праймеризге қатысуға өтініш бердім. Өзімді мысалға келтіре отырып, сыбайлас жемқорлықтан шаршап, әлеуметтік әділетсіздіктен көңілі қалған адамдарға қарапайым адам үшін депутат болу және бір нәрсені өзгерту мүмкін екенін көрсеткім келеді», – деді Әлия Садырбаева.

Кездесу барысында өңірлерден келген қатысушылар праймеризге қатысушыларға қысым жасау және кедергі келтіруі мүмкіндігі мәселесін қозғады.

«Егер үміткерлерге кедергі жасаған немесе бұрмалау фактілерін анықтасақ, онда біз сол учаскедегі нәтижелерді жойып, тиісті ұйымдастыру шараларын қолданамыз. Ол үшін арнайы жедел желі құрдық, байқаушылар болады. Ең бастысы, қысым көрсету фактісін болдырмау үшін дауыс беру құпия өтеді. Көбінесе ауылдық жерлерде, шалғай аудандарда адамдар түйіткілді мәселелерді ашық айтпайды. Өйткені, олар сол мәселені шешу үшін қандай да бір іс-әрекет жасалатынына сенбейді. Праймериз жағдайды түбегейлі өзгертетіні анық. Бұл – електің бір түрі, шын көшбасшыларды, өзі тұратын өңірді өте жақсы білетін, нағыз өз ісінің білгірлерін анықтайтын тиімді тетік. Депутат болғаннан кейін, ол партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын нақты қадағалап, электоратпен байланысын үзбеуі керек. Әйтпесе, оның орнына басқа біреу келеді», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Бейнеконференция барысында саясаттанушы Марат Шибутов Алматыда праймеризге қоғам үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

«Nur Otan-ның кейбір қарсыластары билеуші партия белсенділерді өз қатарына қосып алуды көздейді деген желеумен адамдарды праймеризді елемеуге үгіттеуде. Бірақ біз мұндай үгіттің керісінше әсер ететінін көріп отырмыз. Өйткені бұл – сайланушы органдарға кірудің нақты мүмкіндігі екенін бәрі түсінеді. Алматыда тіркеу басталған бір-екі күн ішінде бір орынға екі адамнан таласуда. Ал олардың 38%-ы әйелдер. Яғни квота әйелдерді саяси процестерге тартудың пәрменді тетігі болып тұр», – деді Марат Шибутов.

Кездесу соңында Бауыржан Байбек партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың партияішілік іріктеуге ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Партия Төрағасы праймериздің басталуына байланысты арнайы үндеу жолдады.

«Партия жұмысын «қайта жандандыру» праймеризбен аяқталмайды. Ол енді ғана басталады. Өздеріңізге мәлім, егер бұрын партия сайлауға жалпы республикалық бір сайлауалды бағдарламамен баратын болса, қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес біз 216 өңірлік сайлауалды бағдарламаның жобаларын әзірледік. Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша оларды жариялап, краудфандинг әдісін қолдануды жоспарлап отырмыз. Ұсыныстарға, сындарлы сынға ашықпыз және қоғамның жүйелік өзгерістерге деген сұраныстарына жауап беруге әзірміз», – деді Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Хабар 24 телеарнасы