424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Nur Otan партиясы праймериздің алғашқы аптадағы қорытындысын жариялады

  • 250
  • UPD: 10:39, 24.08.2020
Nur Otan партиясы праймериздің алғашқы аптадағы қорытындысын жариялады nurotan.kz

Осыдан тура бір апта бұрын елімізде Nur Otan-ның партияішілік іріктеуі – праймеризге қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Партия Nur Otan праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді.

Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір апта ішінде праймеризге қатысуға 7000-ға жуық адам өтініш берген. Олардың 34%-і – әйелдер, оның ішінде 100-і –  көп балалы ана. 24%-і – 35 жасқа дейінгі жастар, сондай-ақ 51-і – ерекше қажеттілігі бар азамат. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 2419 адам ұсынылса, 4496 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар.

Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қалалық ортаны ыңғайлы ету мәселелерін волейболдан Қазақстан паралимпиадалық жастар құрамасының капитаны Серік Есматов көтермек.

«Мен мүмкіндігі шектеулі адаммын, сондықтан өзім сияқты жандардың қандай қиындықтармен ұшырасатынын жақсы білемін. Осы тұрғыдан тек туған қаламдағы емес, бүкіл Қазақстандағы жағдайды жақсартсам деген жоспарым бар», – деді спортшы.

Еріктілер лигасының басшысы Айсұлу Ерниязова өкілдік органдарда жастардың мүддесін білдіруге талпынып отыр. Айсұлудың айтуынша, партияның жастарға сенім артуы, оларға жауапкершілік жүктейді.

«Праймериз – ең алдымен жаңа тарихты жасайтын жігерлі тұлғалар мен жаңа толқын. Мен мұны партияның тактикалық және стратегиялық дұрыс шешімі деп есептеймін. Күрес өте қызықты бәсекелестік жағдайда өтеді. Жас буынның мүддесін көздей отырып, мемлекеттік жастар саясатын басты назарда ұстаймын. Қандай өзгерістердің жастарға керегін және қандай мәселелердің алаңдататынын жақсы білемін», – деді кандидат.

Ал жалғызбасты аналарды қолдау мәселесін Павлодардан келген Жәмилә Ерназарова қолға алмақ.

Танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов та праймеризге қызығушылық танытып отыр. Ол Instagram желісіндегі оқырмандарына «партияішілік іріктеуге қатысқаным жөн бе?» деген ой тастап, олардың пікірлерін сұрады.

Айта кету керек, Тұрсынбек Қабатов – өткен жылдың қараша айынан бері Nur Otan партиясының мүшесі. Оның бастамасын көпшілік қолдады.

Билеуші партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, праймеризге қатысу үшін өтінішті https://primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беруге болады. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады.

Хабар 24 телеарнасы