420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сарапшы: Қазақстан ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа зор үлес қосты

  • 171
  • UPD: 17:58, 27.08.2020

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құруға ерекше тарихи үлес қосқаны үшін «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды.

Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясында жарияланды. Іс-шара Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай ұйымдастырылған. Қазақстан Республикасының ұсынысы бойынша халықаралық қауымдастық бұл шараны жылда тамыздың 29-ы күні атап өтеді. Биылғы сессия онлайн форматта өтті.

1991 жылдың 29 тамызында тәуелсіз Қазақстан Кеңес Одағынан жалғасып келе жатқан қайғы-қасіретті тоқтату үшін Тұңғыш Президенттің пәрменімен Семей полигонын мәңгілікке жапты. 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаев осы күнді «Ядролық қарудан бас тартқан күн» деп жариялауды ұсынды. Ал желтоқсанның 2-сі күні БҰҰ Бас ассамблеясы тиісті қарар қабылдады. Содан бері әлемдік қауымдастық ядролық сынақтардың алапат зор зиянын еске салып, оны қайталамауды мақсат еткен күнді ерекше атап келеді

2020 жылы да бұл дәстүр бұзылмады. Коронавирус індетіне қарамастан, БҰҰ Бас ассамблеясы арнайы онлайн отырыс өткізді. БҰҰ-ның қарусыздану мәселелері бойынша жоғарғы өкілі Идзуми Накамицу іс-шараға қатысушыларға ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриштің үндеуін жеткізді. 

Изуми Накамицу, БҰҰ бас хатшысының орынбасары:

- Қазір коронавирус індетіне қарамастан ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту маңызды деп санаймын. Бәріміз ядролық сынақтардан экология мен экономикаға орасан зор зиян келгенін білеміз. Зардап шеккен бейбіт жандар қаншама?! Ядролық сынақтарға тыйым салуды кешеуілдетуге еш себеп жоқ. Әлемдегі барлық елді ядролық сынақтарды жаппай тыйым салу келісімшартына қол қойып, бекітуге шақырамын.

3 сағаттан астам уақытқа созылған арнайы сессияға БҰҰ-ға мүше елдер мен халықарлық және үкіметтік емес ұйымдардың 300-ге жуық өкілі қатысты. Қазақстан атынан іс-шараға қатысқан еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қонақтарға Елбасының жолдауын жеткізді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан жер бетінде қуаты жағынан төртінші орынды иеленген ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Тарих бұл шешімнің дұрыстығын дәлелдеді. Біз осындай қадаммен өркендеу мен гүлденуге болатынын көрсеттік. Себебі, адамзат баласының болашағы ядролық қарусыз әлемге ғана байланысты.

Еліміздің Тұңғыш Президенті өз жолдауында өзге елдерге Қазақстаннан үлгі алып, ядролық қауіпті тоқтату үшін күш біріктіруге шақырды. Сондай-ақ ядролық қару-жарақты кезең-кезеңмен қысқарту жөнінде халықаралық келісімшартты дайындау үшін АҚШ, Ресей, Қытай және Еуропалық Одақтың қатысуымен төртжақты саммитті Қазақстанда өткізуді ұсынды.

Джонатан Граноф, Global Security институтының директоры:

- Қазақстан ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа зор үлес қосты. Сіздің еліңіз жойқын қарудан бас тартып, онсыз да өмір сүруге болатынын дәлелдеді. Сондықтан да Қазақстан әлемнің өзге елдеріне үлгі әрі өз тәжірибесін насихаттауға толық моральдық құқығы бар деп санаймын.

Әлімжан Ахметов, «Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығы» үкіметтік емес ұйымының директоры:

- Өкінішке орай ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөнінде келісімшарт әлі күшіне енген жоқ. Құжатқа әлі 8 мемлекет қол қоймады. Тіпті қазір кей мемлекеттің ядролық сынақтарды өткізетіні туралы мәлімдемесі әлемді алаңдатып отыр. Қазақстанның бұл туралы айтып, қажетті бастамаларды қолға алуға моральдық құқығымен бірге жауапкершілігі де бар.

Қазақстан мен еліміздің Тұңғыш Президентінің ядролық қарусыз әлем құруға қосқан орасан зор үлесін ескере отырып, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу ұйымының бас хатшысы Лассина Зербо Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесін беруді ұсынды. Себебі «Көшбасшы» аталған құжатқа қол қоймаған елдермен нақты келіссөздер жүргізіп, ядролық инфрақұрылымды жою туралы өзінің құнды тәжірибесімен бөлісуін жалғастырып келеді.

Авторлары: Айдана Кәрібжанова, Талғат Алманов, Болат Көкенайұлы, Ренат Садыров, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы